A+ A A-

talgatzhan 48 Бүгін, 09:30 0

Ұлт пен ұлысты ұйыстырған күн: Өскеменде Наурыз қалай тойланды?

Бүгін / Басты / Өскемен / Руханият

Наурыз – халқымыздың ең ұлық мерекесі, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түн теңеліп, тіршілік жаңаратын бұл мейрам ел көлемінде жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіледі. Шығыс өңірінде де Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен өтті. Наурызнаманың онкүндігі аясында өңірде бірқатар мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Әсіресе, небір қызықтар, шоу, танымдық шаралар дейсіз бе – 22 наурыз күні Өскеменде өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Рекорд жасаған домбырашылар

Таңғы сағат 9:00-де Республика алаңына 5000-нан астам домбырашы жиналды. Шараның басты мақсаты – Гиннестің рекордтар кітабына ену. Алаңға жиналған өнерпаздар әр қимылдың өзі біркелкі шығуына жіті мән беріп, тыңғылықты дайындалса, оларды қолдауға келген ата-аналар мен жақындары тақымын қысып отырды. Нәтижесінде 5201 домбырашы бір мезетте «Ақбұлақ» әнін орындап, әлемдік рекорд орнатты. Ауқымды флешмобқа қала мектептерінің оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері және домбыраны жетік меңгерген тұрғындар қатысты.

– Бүгінгі іс-шараның қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Наурыз құтты болсын! – деді 10-сынып оқушысы Інжу Мұратқан.

Рекорд орнатуға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, іс-шара соңында «Ақбұлақ» әнін жеке орындады. Айта кету керек, бұл бастама ұлттық рух пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.

 

Достық үйіндегі думан

Төңірек жаймашуақтанып, қар сөгілген 22-сі күні шаһардың бірнеше ауданында мәдени шаралар ұйымдастырылды. Достық үйінің маңында киіз үйлер құрылып, жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтті. Концерт дәстүрлі шашу рәсімімен басталды. Сахнада жергілікті шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Оның ішінде «Ақниет» вокалдық ансамблі, «Бастеньки» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Еркетай» хореографиялық ансамблі бар. Концерттік нөмірлер әртүрлі этнос мәдениетін таныстырып, оның байлығы мен сан алуандығын айқындады. Мерекелік шара «Казцинк» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылды.

– Біз үшін Наурыз мерекесін дәл осы алаңда атап өту дәстүрге айналды. Осы жер кездейсоқ таңдалмады. Бұл – бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайы. Бүгінде Достық үйімен бірлесе отырып, этностардың мәдени әралуандығына басымдық берілген мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалды, – деді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Мерекеге жиналған тұрғындар ұлттық тағамдардан дәм татып, түрлі ойын-сауық бағдарламаларына белсене қатысты. Мәселен, шара аясында тепсе темір үзетін ер азаматтар «Өскемен батырлары» атты сайыста күштерін сынады. Бірнеше кезеңнен тұрған додада қатысушылар алдымен автокөлік сүйреп, кейін грифті ұстап тұру және арқан тарту бойынша өзара мықтыны анықтады. Тартысқа толы өткен жарыс қорытындысында Біржан Базархан «Өскемен батыры» атанды. Сонымен қатар қала тұрғындары арасында бауырсақ жеуден жарыс өткізіліп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.

Концерттік бағдарлама барысында «Наурыз – отбасыларды біріктіреді» бейнеқұттықтау байқауының жеңімпаздары марапатталды. Сайысқа барлығы 7 отбасы қатысқан. 3-орынды Шанк және Актаевтар отбасы иеленсе, 2-ші орынды Исмаиловтар және Правдиндер отбасы алды, жүлделі 1-ші орынға Шабданбековтер отбасы ие болды.

 

Жиынға жиналған жұлдыздар

Бұл уақытта Республика алаңында 10 киіз үй тігіліп, концерттік бағдарлама, спорттық ойындар өтті. Концертті танымал актер, Марқакөл ауданының тумасы Алмат Сақатов жүргізді. Концерт ерекше композициялық көрініспен басталды. Онда наурыз мейрамының маңызы мен тарихы баяндалды. Кейін өңір басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Құрметті шығысқазақстандықтар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен ынтымақтың бастауы. Көктемнің келуімен табиғат түлеп, тіршілік қайта жанданады. Бұл – үміт пен ізгіліктің, жақсылық пен берекенің салтанат құрған шағы. Бабаларымыз осы күнді айрықша қадірлеп, оны татулықтың символы ретінде ұлықтаған. Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамасымен ел бірлігін нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға және ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Шығыс Қазақстанда да бұл игі дәстүрлер үзілмей, азаматтарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, қоршаған ортаны аялауға шақыратын шаралар қолға алынып жатыр. Әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен қуаныш тілеймін. Жаңа бастамаларға толы бұл кезең өңіріміздің дамуына тың серпін бергей! – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің құттықтау сөзінен кейін мерекелік концерт қыза түсті. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздармен қатар эстрада жұлдыздары – «Алашұлы» тобы мен Баянсұлу өнер көрсетіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

– Наурыз мерекесі құтты болсын! Елімізге амандық, жұртымыз тыныштық тілеймін. Бүгінгі мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп жатыр. Нағыз қазақы рухты сезініп, ерекше әсер алып жатырмыз, – деді қала тұрғыны Самал Арғынбек.

 

«Үздің киіз үй» анықталды

Шара барысында Өскемен қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік киіз үй» байқауы өтті. Сайыс нәтижесінде 3 орын мен 150 мың теңгенің сертификатына «JanAna» қоғамдық бірлестігі ие болды. Жүлделі 2 орын мен 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты ШҚО Прокуратурасы қанжығасына байласа, 1 орынды Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ иеленді. Жеңімпаз ұжымға 300 мың теңге сертификаты табысталды.

Кешкі концерт те жандана түсті. Алаңға 17 мыңға жуық адам жиналды. Кешкі концертке елге белгілі бірқатар әнші келіп, халықты әсем әндерімен қуантты. Бұл күні жергілікті өнерпаздармен қатар эстраданың танымал жұлдыздары – Жұбаныш Жексенұлы, «Алашұлы» және «Меховая 8/1» топтары, Еділ Байзақов өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

– Өскемен қаласы өте қатты ұнайды. Осыдан 10 жыл бұрын келгенімде еліміз бойынша ең таза қала деп кеткен болатынмын. Өскемен көркейе берсін, – деді «Меховая 8/1» тобының мүшесі Жандос Самалбеков.

Өнер жұлдыздарының әні мен сахнадағы ерекше атмосфера тұрғындарды да бейжай қалдырмады. Көбі билеп, барынша қолдап тұрды.

– Бүгінгі концерт ұнап жатыр. Таңнан бері түрлі ойындар ұйымдастырылып, киіз үйлер тігілді. Өзім Жұбаныш Жексенұлын көру үшін келдім. Әндері ұнайды, – деді қала тұрғыны Нұршат Кәрімқызы.

Мерекелік кеш соңында отшашу атылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив