«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараны «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды.
Жиынның басты мақсаты – өңірдегі мәдени саясатты дамыту, мәдени туризмді ілгерілету және аймақтық бастамаларды қолдау мәселелерін жан-жақты талқылау болды. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының өңірлік Жол картасында көзделген мәдениет нысандарын салу және жөндеу жұмыстарының жүзеге асырылу барысы қаралды.
Көшпелі отырысқа «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жанат Мекеева, өңірлік кеңес мүшелері мен мәдениет, білім және туризм саласының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар өңірлік кеңес жұмысының нәтижелерін саралап, мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Ерекше назар мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға, мәдени мұра нысандарын сақтау мен дамытуға, туризм әлеуетін арттыруға бағытталды.
Өз сөзінде «Miras» республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтай мәдениет – ұлттың рухани тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердегі мәдени нысандарды дамыту мен жаңғырту – елдің тұтас дамуына тікелей әсер етеді.
- Бүгінгі таңда мәдениет саласына жүйелі қолдау көрсету – уақыт талабы. Әсіресе, өңірлердегі мәдени ошақтардың жағдайын жақсарту, оларды заманауи талаптарға сай жаңғырту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Мәдени туризмді дамыту арқылы біз тек рухани құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, өңір экономикасына да жаңа серпін бере аламыз, – деді ол.
Сонымен қатар депутат партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығына тоқталып, олардың тиімді әрі сапалы орындалуы партияның басты бақылауында екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар нақты ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салып, оларды алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететіні айтылды.
Пікірлер