Қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел алдын алу шарасы барысында күдік тудырған көлікті тоқтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тәртіп сақшылары Жібек жолы көшесінде мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір бөлігі скотчпен жапсырылған Changan маркалы көлігіне назар аударып, жүргізушіні тоқтатқан.
Тексеру нәтижесінде 25 жастағы жүргізушінің көлікті көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу белгілерімен басқарғаны анықталды.
- Мемлекеттік нөмір бұған дейін жүргізушінің өзіне тиесілі Toyota маркалы көлігінен шешіп алынған. Жүргізуші бұл нөмірді көлікті автосалоннан автожуу орнына дейін айдап бару үшін пайдаланғанын айтты, - делінген ШҚО Полиция департаментінің мәліметінде.
Нәтижесінде Changan көлігі мамандандырылған тұраққа қойылды. Ал жүргізушіге қатысты «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабының екі бөлігі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды.
Пікірлер