Риддер қаласы кене энцефалитінің эндемикалық аймағы саналады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биылғы эпидемиялық маусымда қалада кене энцефалитінің бес жағдайы тіркелді. Кене шаққандар дер кезінде ауруханаға барып, иммуноглобулин алмаған болып шықты.
- Бес адамның біреуі 9 жастағы мектеп оқушысы. Ол отбасымен Таловка аймағында демалыста болған. Ал дәрігер көмегіне аурудың клиникалық белгісі пайда болған кезде ғана жүгінген. Қалған төрт ересек адамды да демалыс орнында кене шаққан. Олар да жедел жәрдемге хабарласпады. БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізсек те, мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. Жоғарыда айтылған науқастардың барлығы жазылып шықты, - дейді Риддер қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Мрзагарайева.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, кене шаққаннан кейін дереу дәрігерлерге жүгінгендердің барлығына иммуноглобулин салынды.
- Риддерде қазан айында кене энцефалитіне қарсы вакцина егу басталды. Кез келген адам екпені өз емханасында ала алады. Ең алдымен созылмалы ауруы бар қарт адамдарға, табиғатта демалуды ұнататындарға міндетті түрде вакцина салу керек. Бұл орман алқаптарында жұмыс істейтіндерге де қатысты. Екпені қараша айының соңына дейін алып үлгеру қажет. Курстың екінші вакцинасы көктемде қайта жасалады. Ал бір жылдан кейін ревакцинация жүргізіледі, оның қорғаныс әсері үш жылға созылады, - деп түсіндірді ол.
Кене шағу жағдайлары көбіне Синегорье, Поперечное, Соколка, Екінші аудан, Коноваловка, Таловка, Гаван аймақтарында тіркеледі. Қыркүйекте ШҚО бойынша Ұлттық сараптама орталығының мамандары жоғарыда аталған орындардың барлығында кенеге қарсы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Барлығы 250 гектар аумақ өңделді.
Пікірлер