7 сәуір күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, шежіреші, ақын Сиезхан Құдабаевтың 70 жылдығына арналған еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сиезхан Дәулетханұлы 30 жылға жуық ғұмырын шежіре жазуға арнаған. «Дат-шежіре» 2-томдық, «Көк бөрілік тірлігім», «Мұзтау – мұнар» өлеңдер жинағы, «Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров», «Алаштың арысы Райымжан Мәрсеков» ғұмырнамалық – зерттелім, «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», «Ғұмырдария» кітаптарының авторы. Ол алаштанушы, әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
– Сиезхан Құдабаев «Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі», есімі «Қазақстанның Мәртебелі ұстазы» энциклопедиясына енгізілген. «Ұлан ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін», Катонқарағай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік төсбелгісімен және «Өр Алтай арысы» төсбелгілерімен марапатталған. Автор 2022 жылы 5 наурызда ауыр дерттен көз жұмды, – деді ұйымдастырушылар.
Шараға марқұмның туыстары, әріптестері, жерлестері, қаламыздағы зиялы қауым өкілдері қатысты. Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов еске алу кешінің шымылдығын естелік сөзімен ашып, осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы бастаған шара қонақтары да өз естеліктерімен бөлісті.
Ұлан ауданында өткен «Сиезхан оқуларының» жеңімпаздары ақын өлеңдерін оқыды. Күй тартылып, алаштанушы туралы бейнебаяннан үзінді көрсетілді. Қаламгердің отбасы кітапханаға автордың кітаптарын сыйға тартты.
Пікірлер