Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелерінде ұсталатын азаматтардың денсаулық көрсеткіштерінде оң динамика байқалып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша сотталғандардың арасындағы өлім 5%-ға төмендеді. Бұл нәтижеге медициналық инфрақұрылымды дамыту, профилактикалық іс-шараларды кеңейту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың есебінен қол жеткізілді.
Профилактикалық қарап-тексерулермен және скринингтермен қамтуды кеңейту ауруларды анықтау деңгейін 28%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Ең жоғары өсім қанайналым жүйесінің аурулары мен қант диабетін қоса алғанда созылмалы инфекциялық емес аурулар бойынша тіркелді.
— Маңызды бағыттардың бірі телемедицинаны енгізу болды. ҚАЖ-дың 17 мекемесінде арнайы телемедициналық жабдық орнатылып, қашықтан консультациялардың саны 5 есеге артты, сондай-ақ білікті медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар стационарлық көмектің қолжетімділігі артты — тәулік бойы және күндізгі стационарларға емдеуге жатқызу саны көбейді. Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінің жүйесінен Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына берілген сәттен бастап инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. ҚАЖ-дың 78 мекемесінде (оның ішінде 62 дәрігерлік амбулатория және 16 медициналық пункт) медициналық көмек көрсету жағдайлары жақсартылды. Соның ішінде 55 нысанда (70%) ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың мәртебесі мен ұсталатын орнына қарамастан денсаулық сақтау құқығын қамтамасыз ету және сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
Пікірлер