Қалада «Тіл үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері: тәжірибе, ізденіс және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында облыстық семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараны Мәдениет басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан облыстық Лингвистикалық орталығы ұйымдастырды. Семинарға өңірдің 9 ауданынан мұғалімдер, облыстық тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, оқытушылары мен әдіскерлері, сондай-ақ С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері қатысты.
– Шараның басты мақсаты – тіл үйрету процесін жетілдіру және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру. Орталықтың тіл мамандары Жетісу облысы мен Астана қаласында өткен ғылыми конференцияларға қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты. Бүгін сол жерде алған білімдері мен тәжірибесін өңірдегі тіл мамандарымен бөлісті. Сонымен қатар қазан айында тіл оқыту курстары басталады. Осы семинарды соған дайындық ретінде де қарастыруға болады, – деді облыстық Лингвистикалық орталық директоры Әсемгүл Абзалова.
Семинар барысында бес спикер көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудың қағидаттары, қазақ тілін тиімді оқытудағы заманауи әдістемелік тәсілдер және мемлекеттік тілді үйретудің тиімді жолдары туралы баяндама жасады. Шара барысында оқытушылар мен студенттер тәжірибе алмасып, спикерлер ұсынған практикалық тапсырмаларды орындады.
– Қазіргі жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілін дамыту өзекті мәселе. Осындай семинарлар тіл мамандары мен ұстаздар үшін үлкен мүмкіндік. Республикалық конференцияларға қатысып келген орталық мамандарының құнды ақпаратпен бөлісуі олардың күнделікті жұмысында, тіл үйрету процесінде пайдасын тигізеді деп ойлаймын, – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ШҚО филиалының төрағасы Әскерхан Ақтай.
Пікірлер