Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандары пешпен жылытылатын үйлерде тұратын жалғызбасты қарт адамдардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көміртегі тотығының датчиктерін орнатуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күн суытқанда жер үйлерде пешпен жылыту жүйесіне түсетін жүктеме артады. Осының салдарынан мұржадағы ақау, пеш плитасының жарылуы немесе пеш жапқышын жабу кезінде жіберілген қарапайым немқұрайлылық орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
Жыл басталғалы облыс бойынша осындай 700 датчик орнатылды. Олар көміртегі тотығының (ыс) бөлінуін және түтіндеуді дереу анықтап, тиісті шара қабылдауға мүмкіндік береді.
– Датчиктерді орнату – ауқымды профилактикалық жұмыстың бір бөлігі ғана. Рейдтер барысында өрт инспекторлары мен энергетикалық компаниялар мамандары үйлердегі электр сымдарының ақауларын жөндеп, жоюға да көмектеседі. Волонтерлер мен әкімдік қызметкерлері құтқарушылармен бірге маңызды профилактикалық іс-шаралар мен рейдтерге қатысуда. Соның нәтижесінде бүгінде 10 мыңнан астам тұрғын үй қамтылып, алдағы жылыту кезеңі қарсаңында азаматтарға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді, – деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Енсегенов.
Құтқарушылар жеке сектордың барлық тұрғынына үй қауіпсіздігі әр адамның жауапкершілігінен басталатынын ескертеді.
– Жарықтары бар немесе ақаулы пештерді пайдаланбаңыз. Пеш алдына темір қаңылтыр орнатып, мұржаларды тұрақты тазалап тұрыңыз. Пеш жағу кезінде оны қараусыз қалдыруға немесе бақылауды балаларға тапсыруға тыйым салынады. Көміртегі тотығының датчигін орнатыңыз, – деп ескертті мамандар.
Фотосуреттер: ШҚО ТЖД
Пікірлер