A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 14:15 0

Өскемендік оқушылар бір кеште 18 күй тартып, таңқалдырды

Бүгін / Өскемен

Сәуірдің 8-і күні Өскемен қаласында «Күй қазына - ел мұрасы» атты концерт өтті. Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Өнер училищесінде «Күй қазына - ел мұрасы» атты концерт өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұқараға бейтаныс күйлер де тартылды

Кешкі сағат 18:00-ге бекітілген шарада бейіналды сыныбының оқушылары: Алинұр Нұрланов, Жансая Серікханова, Айханым Сағидолда өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. 

Жас өрендердің шам шырағын жаға білген ұстазы – ҚР Мәдениет саласының үздігі Шалқар Рысханұлы. Кеш барысында көпшілік тыңдап үлгермеген күйлер де орындалып, домбыраның қоңыр үні келгендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Залда халық мол жиналды «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші,  ұлттық аспаппен шертілген күйлерді халық ұйып тыңдады.
– Балалар қасиетті қара домбыраның қос ішегімен күй құдіретін жеткізіп қана қоймай, әр күйдің тарихынан да сыр шертті. Осылай бойжазжып, рухани демалмағалы көп болған еді. Жастарымыз қабілетті екен, – деді қонақтардың бірі.

Бұл концерттің басты ерекшелігі сол, жүргізуші болған жоқ Оқушылар өзара диалог құрып, орындайтын күйлері жайында әңгімелей отырып, өнерлерін көрсетті.

Концерт барысында жиыны 18 күй орындады. Соңғы «Кербез керік», «Жаңылтпаш» сынды күйлерді ансамбльмен орындауы өте әсерлі шықты. «Адай», «Көңіл ашар» сияқты күйлер көпке таныс қой, бұл кеште бұрын көп ести бермейтін «Шортанбайдың шертпесі», Мәмен Мұратұлының «Қайғылы күйі», Сейтек Оразалыұлының «Бұлбұл Айша», Дина Нұрпейсованың «8 март»  «Бозінгеннің бүлкілі» т.б. күйлері орындалды. 

Кеш жүргізушісіз де қызықты өтті

Кеш қонағы Азамат Кеңеспаевтың сөзінше, үш баласы да осы Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер мектебінде күй өнерін меңгеруде. 

– Балалар ұстаздары Әлия Советханқызы мен Шалқар Рысханұлынан домбыра тартып, күй өнерін үйренуде. Бұл кеш өте мән-мағынасы зор, мазмұны терең, сондай әсерлі өтті. Ерекшелігі – балалар ешқандай жүргізушісіз халыққа қасиетті домбыра үнімен тамаша көңіл күй сыйлады. Осы орайда аяулы ұстаздарымызға шексіз алғысымды білдіремін! – деді ол.

Иә, мұндай кеш Өскемен қаласында алғаш рет өтті. Егде жастағы тұрғындар да тапжылмай отырып тыңдады. Мәдениет саласының үздігі  Шалқар Рысханұлының айтуынша, мұндағы оқу ордасында білім беру ісі үш сатылы.
– Алғашқысы – қосымша білім беру. Екіншісі – бейіналды сыныптар яғни 7, 8, 9 сыныптар және үшіншісі – кәсіби білім беретін студенттер буыны. Бүгінгі күй кешінде менің бейіналды сыныбымның шәкірттері өнер көрсетті. Мақсатымыз – күй өнерінің қазіргі маңызы, оның ішінде жасөспірімдердің күйге деген қызығушылығын арттыру. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі де әр жиында ұлттық құндылықтардың әлемдік деңгейде насихатталуын басты бағытта ұстап отыр. Ал сол бағыттың бастауы осындай оқу орнымыздағы кішігірім іс-шарадан басталады, – деді ол.

Кеш соңында жас өнерпаздардың ата-аналары балаларының ұстаздарына алғыстарын білдіріп, иықтарына шапан жапты. 

Алмас Келесбай (Фотосурет автордікі)

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив