A+ A A-

talgatzhan 51 Бүгін, 11:35 0

Өскеменде халықаралық семинар өтті

Бүгін / Өскемен

Қазақстан-Американдық еркін университетінде өткен “Білім беру сабақтастығы: бірыңғай цифрлық кеңістіктегі мектеп-колледж-жоғары оқу орны” атты халықаралық практикалық-бағдарланған семинарға мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының өкілдері, білім беру саласының сарапшылары мен мамандары қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Іс-шараның негізгі мақсаты - үздіксіз білім беру процесін біртұтас цифрлық кеңістікте тиімді ұйымдастыру жолдарын талқылау. Қатысушылар мектептен жоғары оқу орнына дейінгі білім беру жүйесіндегі өзара байланысты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды. 
Қазақстан-Американдық еркін университетінің бірінші вице-президенті, PhD докторы Жасұлан Байкеновтың сөзінше, бүгінде әр университеттің өзіндік білім беру бағдарламасы бар. 
– Бүгінгі семинар - мектеп, колледж және университет арасындағы өзара байланысты дамытуға арналған маңызды алаң. Қазір жастар колледж бітіргеннен кейін жоғары оқу орнында оқу мерзімін қысқарту мәселесіне жиі тап болады. Осыған байланысты біз үздіксіз білім беру процесін біртұтас цифрлық кеңістікте ұйымдастырудың тиімді жолдарын қарастырып отырмыз. Әр университеттің өзіндік білім беру бағдарламасы бар. Біз жаңа жобалар ұсынып, жалпы пәндерді, мысалы философия мен психологияны ағылшын тілінде оқытуды енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Жасұлан Байкенов. 
Семинарда бірқатар маңызды бағыт қамтылды. Атап айтқанда, білім беру деңгейлерін цифрлық интеграциялау тәжірибесі, кәсіптік білім беру жүйесіндегі оқу мен тәрбие үдерісін біріктіру, мектеп, колледж және университет арасындағы тиімді ынтымақтастық модельдері талқыланды. Сонымен қатар дуальді оқыту жүйесін дамыту, кадр даярлауда колледждер мен жоғары оқу орындарының өзара іс-қимылын арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері қарастырылды.
Ы. Алтынсарин атындағы №39 орта мектеп директоры Гүлмира Абюрованың айтуынша, мұндай семинар педагогтер үшін аса маңызды. 
– Бұл іс-шара мектеп, колледж және университет арасындағы байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік берді. Біздің мектепте университетпен бірлескен ортақ жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – оқушыларға жүйелі білім беру және оларды ерте кезеңнен бастап кәсіптік бағдарлау. Бұл өз кезегінде білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – деді мектеп директоры.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив