Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттің инклюзивті саясатын жетілдіру жолдары талқыланды. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 29 мыңнан астам адам тұрады. Оның ішіндегі 3,3 мыңы бала.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 4 142 адам – көру қабілеті бойынша, 1 085 адам – есту қабілеті бойынша, ал 7 126 адам қозғалу қиындықтарына байланысты ерекше қолдауды қажет етеді.
Қоғамға бейімдеу мақсатында жыл сайын олардың техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша 14-15 мыңнан астам өтініші орындалады.
Жыл басынан бері 7 мыңға жуық өтініштің 4 236-сы орындалып, оңалту бағдарламаларының жүзеге асу деңгейі 60,9% құрады.
2023-2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес өңірде 1 348 әлеуметтік нысанды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу көзделген болатын. 2026 жылы 270 нысанды бейімдеу жоспарланса, бүгінде оның 42-сі дайын.
Өңірде «Инватакси» қызметі де жұмыс істеп тұр. Қазір бұл қызметпен 520 адам қамтылып, оған 36 көлік тартылған.
Шығыс Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың ішіндегі еңбекке қабілеттілер саны 12,5 мыңнан асады. Ал 3 800-ге жуық адам тұрақты табыс тауып отыр. Биыл 113 адам жұмысқа орналасса, 26 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберілген.
Пікірлер