Өңірде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жұмыстың негізгі мақсаты – оқушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Өңірде терроризм тұрғысынан осал нысандар тізімі анықталды. Оның ішінде адамдар көп жиналатын 675 нысан (240-ы білім беру мекемесі) бар.
Бүгінде мектептер, медициналық колледждер және басқа да оқу орындары антитеррорлық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша тексерілуде. Бақылау барысында бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеуі және олардың жедел басқару орталықтарымен байланысы, дабыл түймелерінің болуы, күзет ұйымдарының қызмет сапасы, персоналдың төтенше жағдайларға дайындығы назарға алынады.
Сонымен қатар білім беру мекемелерінің басшылығы мен қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полицияның мәліметінше, балалардың қауіпсіздігі – басты басымдық. Осыған байланысты бейнебақылау жүйелеріне бақылау күшейтіліп, патрульдік полиция бөлімшелері оқу орындарына жақын орналастырылды.
Пікірлер