Бірлік күні қаланың бірнеше жерінде атап өтілді. Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы маңына да халық қарасы мол жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бәрінен бұрын балалар мәз
Алдымен көздің жауын алар көрмені тамашалады жұрт. Әралуан материалдан жасалған ойыншықтар, үрлемелі аспаптың кейбірі сатылып жатты. Көлеңкеде кәуаптың буы бұрқырап, түс ауа қарны ашқандар түрегеп тұрған күйі қой етінен қарбытып жіберді. Бәрінен бұрын балалар мәз. Ойын мен ойыншықты көргенде ата-анасының қолын дереу жіберіп, бір қызықтың соңына түсуге асықты. Олар үшін би жарысы өткізіліп, қимылы келісті шыққандары сыйлық алды. Бәсеке қызғаны соншалық, ақыры көрермен де дауыс беріп, үздікті бірге анықтауды жөн көрген. Әрі қарай түрлі ұлт өкілі концерттік нөмірлерін ұсынып, меймандарды ортаға биге шақырды. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаевтың сөзінше, өңірде тұратын этностар саны көп. Олардың бірлігін насихаттау қоғам болып күш салынуы тиіс қадам.
– Осындай іс-шаралар облыстың әр түкпірінде өтіп жатыр. Бүгін әр ұлт өз мәдениеті мен өнерін таныстырып жатыр. Мерекелік көңіл-күй жоғары. Менің ойымша, бұл біздің достығымызды, ынтымақ-бірлігімізді еселей түседі, – деді ол.
Жалпы 23 концерттік нөмір ұсынылды. “Ақ Ниет” вокалды ансамблі концерт тиегін ағытып, әрі қарай биге кезек жетті. Күн де ысынып, көбі амалсыз ағаштар түбі мен тапқан көлеңкелерін пана тұтты.
Тұрғындар қалдырған қолтаңба
Ұйымдастырушылар сөзінше, шығармашылық ұжымдар мен этно-мәдени бірлестіктер әралуан ән мен би, қазақ, неміс, әзербайжан, шешен, белорусь, тәжік ұлтының бұйымдарын ұсынды.
– Қазақ ұлтының біршама бұйымы музейден әкелінді. Сосын түркі халықтарының ұлттық ойындарын бағдарламаға енгіздік. Айтпақшы, садақ ату жағын да қарастырдық, – деді Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Александра Скрипниченко.
Кей тұрғынның концерттік бағдарламаны сын садағына алғаны бар. Жаңашылдықтың жоқ, жылда осы деп қапаланған. Бірақ ұйымдастырушылар бұл жағы ескеріліп, биылғы бағдарламада айтарлықтай өзгеріс барын айтты.
– Бұл жолы вокалистің артында бишілер сүйемелдеп тұрды. Былтыр болмаған әншілер шақырылып, ауқымын кеңейттік. Екеуі облыстық филармониядан келді, – деді Александра Скрипниченко.
Тағы бір айта кетерлігі, Достық үйінің алдына алып баннер қойылып, кез келген адам лебізін жазып қалдыруға мүмкіндік алды. Шараны тамашалауға келген Шығыс Қазақстан әкімі де тілегін жазды.
– Әлемде бейбітшілік болып, Қазақстан дами берсін! – деді өңір басшысы Нұрымбет Аманұлы.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Достық үйінде 22 этно-мәдени бірлестік бар. Саны жағынан славян халықтары басым. Ең азы еврей мен поляк ұлты екен. Облыс бойынша этно-мәдени бірлестіктер саны – 74. Бір жарым сағатқа созылған мәдени шарадан 200-ге тарта адам жадырап қайтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер