
Өскеменде зағип жандар Ұлттық кітап күнінде көркем әдебиетпен сусындады
Ұлттық кітап күні аясында Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Артық ғылым – кітапта...» атты апталық өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қаламгер кітабын сыйға тартты
Апталық жастардың оқу құзіреттілігін дамыту, көркем шығармалар оқуға насихаттау, олардың бойындағы азаматтық жəне адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталды.
Әр күн тарихи сәт екенін ескерсек, апталықтың әр күні де көркемдік жағынан әсерлі шығыап, танымал тұлғалар, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, оқырмандар қауышты. Алғашқы күннен бастап «Кітап сөрелерінің құпиялары» айдарымен кітапханаға келген кішкентай оқырмандарды ертегі кейіпкерлері қарсы алып, жас ерекшеліктеріне қарай түрлі экскурсия өткізілді.
«Туған жер үні» атты танымдық кездесуге Шығыс жұртына танымал жазушы, журналист, аудармашы, ғалым Айтмұхамбет Қасымовпен жарқын жүздесу оқушылар, студенттер, кітапханашылар жүрегіне жол тауып, өзі аударған «Батырбектің хандығы» атты кітапты тарту етіп, кітапхана қорына баға жетпес үлес қосқанын аса қуанышпен жариялаймыз. Жазушының кітапханашылар күшімен басылып шыққан Брайль қарпіндегі кітаптары да қолдан түскен емес.
Тағы бір сәулелі сәт ақын, музыкант, Тарбағатай ауданындағы «Қазақ соқырлар қоғамының» өкілі Жұмабек Сахариевпен кездесу зағип жандарға үміт сыйлады.
– Сонымен қатар, кітапхана мамандары қаламыздың ең көркем саябақтарының бірі Жамбыл Жабаев атындағы саябақта «Book&Park» атты ауқымды шара өткізіп, кітапсүйер қауымның басын біріктірді. Қызықты викториналар, көркем шығармаларды дауыстап оқу, белгілі үзінділерді жалғастырып, өздерінің әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен білімдерін көрсетті, – деді ұйымдастырушылар.
«Кітапханаға қош келдіңіздер!» атты ашық есік айқара ашылды. Қонақтарды мерекелік көңіл күй мен кітап бейнесіндегі персонаждар қарсы алды. Қала мектептерінің оқушылары мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері үшін бөлімдер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды. Біздің кітапхананың жұмыс ерекшелігіне қарай, кітап қоры және бедерлі-нүктелі қаріппен кітаптарды дайындау қалай жүзеге асатыны таныстырылды. Көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған тактильді және аудиокітаптар, арнайы құралдар мен құрылғылар үлкен қызығушылық тудырды.
Кітап басудағы қызықтар
«Ғасырлар қойнауындағы кітап» атты әдеби сағаты Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музейінің Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкерлерінің және қаламыздың №15 және №25 мектеп оқушыларының қатысуымен бірлесіп өткізілді. Іс-шара көне қолжазбалардан бастап заманауи басылымдарға дейінгі кітап әлеміне қызықты саяхатқа айналды. Белсенді қатысушыларды тосын сыйлықтар күтіп тұрды.
– «Баспа сөздің құдіреті» атты кезекті іс-шарада жергілікті танымал жазушылар Г.Н.Пуссеп пен Л.И. Мартынова Абай Құнанбайұлы және С. Ғабдуллин шығармаларын орыс тіліне аудару тәжірибесі туралы әңгімелеп, жазушы-өлкетанушы А. Аубакиров өз еңбектерінің қандай тілдерге аударылғаны және қай баспаларда жарық көріп жатқаны туралы мәлімет берді. «Арго» баспасының өкілі С.В. Семёнов қонақтарды баспаның жұмысымен таныстырып, кітаптарды басып шығаруға дайындау үдерісі мен қазіргі баспа ісіндегі ерекшеліктер туралы студенттерге баяндап берді, – деді ұйымдастырушылар.
«Кітаптар ортасында» атты қорытынды іс-шарада оқырмандарды мектеп оқушыларының қазақстандық жазушылар мен ақындардың бейнесіндегі сахналық қойылым көрсетуінен басталып, белсенді оқырмандарға арнайы номинациялар «Үздік оқырман-2026», «Оқырман отбасы», «Кітапхананың үздік серіктесі» табысталып, үздіктер марапатталады.
Алғаш рет кітапхана қолдауымен Брайль қарпінде басылып шыққан «Сиқырлы энциклопедияның» атты тұсауы кесіліп, мереке көркі қызды. «Ерекше бала» қоғамдық бірлестігінің сәндік-қолданбалы өнер көрмесі жүректерге жол тауып, барлық қатысушыға естелік сыйлықтар табысталды.
Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс келген кітапханашылар күні де назардан тыс қалмады. Кітапхана киелі мекен болса, кітапханашы рухани әлемнің шырақшысы екені сөзсіз. Кітапханашы бүгін оқырман мен басылымдар арасындағы алтын көпір мен әмбебап маман.
Сөйтіп, аталған апталық өз мәресіне жеткенімен кітапхана жұмысы жаңа қарқынмен жалғаса бермек. Қазір электронды форматтағы ақпарат көздері танымал болғанымен, қағаз нұсқадағы баспа кітаптардың орны ерекше. Олар оқырманға жағымды эмоция сыйлап, жайлылық пен рухани тыныштыққа ие болуға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер