"Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Өскемен мен Семейдегі ЖЭО-лардың құрылысына жауапты консорциумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналистер Семей мен Өскемендегі ЖЭО-ларды салатын мердігерді атауды сұрады.
- Өзіңіз айтқандай, Семей мен Өскемендегі ЖЭО-лар бойынша сингапурлық-қазақстандық консорциуммен EPC келісімшартқа қол қойылды. Өкінішке қарай, қол қойылған құжат бойынша сингапурлық компаниядан ақпаратты жариялауға келісім алмадық. Консорциумның өзі 3 компаниядан тұрады. Консорциумның көшбасшысы сингапурлық компания болып саналады, ол жобалауға, құрал-жабдықтарды жеткізуге, монтаждауға, іске қосу-баптау жұмыстарына жауапты болады. Екі қазақстандық компания жалпы құрылыс жұмыстарына жауап береді. Олардың барлығында тиісті лицензия бар. Сол себепті аталған консорциум Семей мен Өскеменде жылу электр орталықтарын салады, – деді Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның сөзінше, бұл компаниялардың көмір станцияларын салуда тәжірибесі бар. Сонымен қатар мердігердің қаржы тұрақтылығы, тиісті лицензияларының болуы да ескерілген көрінеді.
- Менің білуімше, Үндістан мен Индонезиядағы көмір станцияларын салуда тәжірибесі бар. Яғни, Оңтүстік-шығыс Азияда құрылыс жұмыстарын жүргізгенін білемін, – деп атап өтті "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы.
Пікірлер