A+ A A-

talgatzhan 42 Бүгін, 16:50 0

Өскеменде студенттерге еңбек құқықтары түсіндірілді

Бүгін / Өскемен

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жастарға арналған «Еңбек құқықтары» атты интерактивті фидбэк өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кездесу студенттердің еңбек саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыруға және жұмыс берушімен қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыруға бағытталды. Іс-шара еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, жастарға сарапшылармен тікелей диалог жүргізу мүмкіндігі берілді.
Еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы Қуаныш Ерғазиновтың айтуынша, еңбек шарты – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы негізгі құқықтық құжат.
– Еңбек шарты тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайларын, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібін және жалақы төлеу шарттарын айқындайды. Оны жасау қызметкердің еңбек құқықтарын қорғауға, соның ішінде әділ еңбек жағдайы мен уақытылы еңбекақы алу құқығын қамтамасыз етеді, – деді Қуаныш Самарханұлы.
Еңбек шартының жазбаша түрде жасалып, Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне енгізілуі керек. Еңбек заңнамасына сәйкес  шарт болмаған жағдайда жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынып, құжаттарды кейіннен рәсімдеу талап етіледі. Ал қызметкер әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерден айырылуы мүмкін.
– Жұмысшылардың негізгі еңбек құқықтарына қауіпсіз еңбек жағдайы, еркін мамандық таңдау, уақтылы жалақы алу, демалыс және әлеуметтік қорғау құқығы кіреді. Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіподақтарға бірігуі де заңмен қорғалады, – деді мемлекеттік еңбек инспекторы Қуаныш Ерғазинов
Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың еңбек шартын жасау тәртібіне де ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайда келісім ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен ғана рәсімделеді. Сонымен қатар жасөспірімдерге түнгі уақытта, ауыр және қауіпті жұмыстарда, артық жұмыс уақытында еңбек етуге тыйым салынған.
Іс-шара аясында студенттерге еңбек шартын рәсімдеу кезінде қажет құжаттар тізімі де ұсынылды.

Балауса ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив