
«Ардагерлер азайып барады»: Өскемендіктер Жеңіс күнін атап өтті
Облыс орталығында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылып, соғыс жылдарында ерлік көрсеткен майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің рухына құрмет көрсетілді. Шараға облыс және қала басшылығы, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған жұрт сұрапыл соғыс жылдарында ел үшін жанын қиған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлы Жеңіс күні – халқымыз үшін қасиетті әрі тарихи маңызы зор мереке екенін айтты. Жеңіс оңайлықпен келмегенін, майдан даласында мыңдаған азамат Отан үшін жанын құрбан болғанын жеткізді.
— Бүгін ерлік пен батырлықтың, қайсарлық пен отансүйгіштіктің символына айналған күн. Жеңіс жалауы желбіреген бұл мереке – тарихымыздағы ең қастерлі даталардың бірі. Қазақ халқы қашанда ел қорғаны болған ерлерін ерекше құрметтеген. «Ер атын ел сақтар» деген сөз бекер айтылмаған. Отан үшін отқа түскен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, — деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі бүгінгі бейбіт өмірдің артында майдангерлердің өлшеусіз еңбегі мен ерлігі жатқанын атап өтті. Сондай-ақ кейінгі буын батырлар ерлігіне қарап бой түзеуі қажет екенін айтты.
— Жас ұрпақ аталарының қаһармандығы мен қайсарлығын әрқашан есте сақтауы тиіс. Есімдері тарих бетінде алтын әріппен жазылған аға буын алдында бәріміз қарыздармыз. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ардагерлер қатары сиреп барады. Бүгінде өңірде Ұлы Отан соғысының 6 ардагері және 3 мыңнан астам тыл еңбеккері тұрып жатыр. Мемлекет тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ардагерлерді ардақтау, қазыналы қарияларға құрмет көрсету баршамыздың ортақ міндетіміз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шара барысында соғыс ардагерінің қызы Бәтиза Ауқатайқызы да сөз алып, әкесі туралы естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, әкесі Ауқатай Түйебаев соғысқа 1941 жылы аттанып, ауыр жарақатпен елге оралған.
— Әкем Ауқатай Түйебаев Күршім ауданының тумасы. 1941 жылы майданға кеткен. 1944 жылы екі көзінен айырылып, елге оралды. Мен дүниеге келгенде көрмей кетті. Біз бала күнімізден әкеміздің көрген қиындығын естіп өстік. Соғыстың қандай қасірет екенін үлкендердің әңгімесінен білдік. Кейінгі ұрпақ ондай ауыртпалық көрмесе екен деп тілейміз, — деді ол.
Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Өскемен әкімі Алмат Ақышов, қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдері қатысты. Сонымен қатар Аманат партиясы мүшелері, Ауыл партиясы өкілдері, ШҚУ, ШҚТУ және ҚАЕУ ұжымдары да майдангерлер рухына тағзым етті.
Шараға «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері мен жас сақшылар да белсенді қатысты. Олар соғыс батырларының рухына құрмет білдіріп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Мерекелік іс-шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада әскери-патриоттық әндер орындалып, соғыс жылдарындағы ел бірлігі мен батырлардың ерлігі дәріптелді. Қала тұрғындары мерекелік концерт тамашалап, ардагерлерге алғыс пен құрмет білдірді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер