Қалада Жеңістің 81 жылдығына орай ауқымды концерт ұйымдастырылып, тұрғындар майдан жылдарындағы әндерді бірге шырқап, ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кешкі концерт Жеңіс күнінің әсерлі жалғасына айналды. Сахнада театрландырылған қойылымдар қойылып, вокалистер мен би ұжымдарының өнері арқылы соғыс жылдарының көріністері бейнеленді. Мерекелік шараға өскемендіктер отбасыларымен, балаларымен келді. Концертке облыстың үздік шығармашылық ұжымдары қатысты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы әртістері, облыстық полиция департаменті хоры, белгілі би топтары мен танымал әншілер сахна төрінде өнер көрсетті.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Арника Байбусынованың «Әлия» әнін орындауы болды. Бұл ән жиналған қауымның жүрегін тебірентті. Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач орындаған соғыс жылдарындағы әндер көпшілікке ерекше әсер етіп, көрермен қошеметіне бөленді.
– Осындай шаралар жастарға өте қажет. Біз ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. Балаларымды арнайы ертіп келдім, олар тарихты кітаптан ғана емес, осындай рухани кештер арқылы да сезінуі тиіс, – дейді Өскемен тұрғыны Айгүл Серікқызы.
Кеш соңында тұрғындар «Өз шырағыңды жақ» азаматтық-патриоттық акциясына қатысты. Мемориал маңында 7 199 шырақ жағылды. Шырақтардан бес жұлдыз бен «81» саны бейнеленіп, Жеңістің 81 жылдығының символына айналды.
Акцияға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та отбасымен бірге қатысты.
Кеш соңында Өскемен аспанын мерекелік отшашу жарқыратып, Жеңіс күніне арналған тағылымды кештің әсерлі нүктесін қойды.
Пікірлер