Өскеменде футбол жанкүйерлері көптен күткен матч өтті. Қазақстан Премьер-лигасы аясында Алтай-Өскемен өз алаңында Ордабасы командасын қабылдады. Бұл – өскемендік клубтың Премьер-лигада өткізген өз алаңындағы алғашқы матчы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін стадион маңы мерекелік атмосфераға бөленді. Кездесуге мыңдаған жанкүйер жиналып, трибуналар айтарлықтай толды. Матч басталмай тұрып-ақ жанкүйерлер ән айтып, командаларын қолдап, ерекше көңіл-күй сыйлады.
«Алтай-Өскемен» футбол клубы медиа орталығының қызметкері Айдана Алтайбекқызы бұл матчтың өңір тұрғындары үшін үлкен мерекеге айналғанын айтты.
— Матч қала тұрғындары үшін нағыз мереке болды. Бұл – Қазақстан Премьер-лигасы аясында өз алаңымыздағы алғашқы ойынымыз. Стадион лық толды деуге болады. Атмосфера өте керемет. Көрермендер үшін түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырдық. Басты хедлайнер – 2RAR. Сонымен қатар матчты тамашалауға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов және серіктес компаниялардың басшылары келді. Біздің болжам бойынша команда 2:1 немесе 2:0 есебімен жеңіске жететін сияқты, — деді ол.
Матч барысында жанкүйерлер үшін арнайы ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Көрермендер арасында бағалы сыйлықтар ойнатылып, жеңімпаздарға смартфон, ойын приставкасы, планшет және құлаққаптар табысталды. Бұл жанкүйерлер қызығушылығын арттырып, стадиондағы атмосфераны одан әрі қыздырды.
Ал ойын нәтижесі 0:0 есебімен аяқталды.
Пікірлер