15–17 мамыр күндері облыс орталығында ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеуге арналған «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауқымды мәдени іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ШҚО Мәдениет басқармасы өткізеді.
Фестивальдің негізгі алаңы ретінде Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнография және табиғи-ландшафтық музей-қорығының Сол жағалау кешені белгіленді.
Бағдарлама аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, тәжірибелі шеберлерден шеберлік сабақтары, этнографиялық және мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.
Фестивальге Қазақстанның барлық өңірінен және шетелдерден 800-ден астам қолөнер шебері қатысады. Қатысушылардың туындыларын халықаралық деңгейдегі сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Мерекенің басты ерекшелігі — «Аламан құрақ» жобасы аясында ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпенің таныстырылымы.
Ұйымдастырушылар фестиваль күндері жаңа әлемдік рекорд ресми түрде тіркеледі деп күтуде.
«Ғасырлық дәстүрлер» жобасының негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттап, қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған мәдени мұрасын келер ұрпаққа жеткізу.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мәдени шараның куәсі болуға шақырады.
Пікірлер