A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 09:00 0

Тарихи матч тең есеппен аяқталды: «Алтай-Өскемен» өз алаңында «Ордабасы» ұжымын қабылдады

Бүгін / Өскемен / Спорт

Өскеменде көптен күткен үлкен футбол мерекесі өтті. Қазақстан Премьер-лигасы аясында жергілікті «Алтай-Өскемен» футбол клубы өз алаңындағы алғашқы ойынын өткізіп, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. 13 жылдан кейін Премьер-лига матчы қабылданған шаһардағы орталық стадион лық толып, мыңдаған жанкүйер сүйікті командасына қолдау білдіруге жиналды. Шиеленіс пен шатақ та ойынға тұздық болып, шымкенттіктер сүйікті ұжымын алға жетелеп бақты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұлдары ұрандатып, қыздары қолдауын аямады

Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы бұл матч өскемендіктер үшін қарапайым ойын емес, кәдімгі спорттық мерекеге айналды. Орталық стадион маңы ойын басталмай тұрып-ақ ерекше көңіл күйге бөленді. Қолдарына жалауша ұстаған жанкүйерлер, команданың жейдесін киген жастар, балаларын ерте келген ата-аналар – барлығы футбол кешінің көркін аша түсті. 7 500 орындық стадионға жиналған көрермендер қарасы қалың екені байқалды. Трибуналардағы жанкүйерлер матч басталғанша ән айтып, ұрандатумен болды. Айта кетейік, қазір жергілікті ұжымның жанкүйерлер секторы бар. Біркісідей қолдау білдіріп, қазақ тілінде жігерлі сөзін төгіуге тырысады. Оңай емес. 90 минут бойы жүгіргеннің жөні бөлек, орында тұрып ұрандата айқайлап, команда жеңілсін-жеңілмесін соңына дейін тұру – өз алдына ерлік. Қатары күннен-күнге молайып келеді. «Алтай-Өскемен» футбол клубының медиа орталығының қызметкері Айдана Алтайбекқызы бұл матчтың өңір үшін тарихи маңызы бар екенін атап өтті.

– Бұл – Қазақстан Премьер-лигасы аясында өз алаңымыздағы алғашқы ойын. Сондықтан қала тұрғындары үшін бүгінгі матч үлкен мерекеге айналды. Стадион толық дерлік көрерменге толды. Көрермендер үшін түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырдық. Кештің басты хедлайнері – 2RAR. Сонымен қатар матчты тамашалауға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен серіктес компаниялардың басшылары келді, – деді ол.

Шынында да, футбол кеші тек матчпен шектелген жоқ. Үзіліс кезінде танымал әнші өнер көрсетіп, жастар арасында кең таралған әндерін орындады. Бұл сәт стадиондағы атмосфераны одан әрі қыздыра түсті.

 

Басымдық «Ордабасыда» болды

Өскеменде Премьер-лига ойыны соңғы рет 13 жыл бұрын өткен. Сондықтан «Алтай-Өскемен» мен «Ордабасы» кездесуі қала футболы үшін тарихи матч саналды. Жанкүйерлердің бұл күнді ұзақ күткені анық сезілді. Кездесу аяқталған соң аймақ басшысы қос команда да тартысты ойын өрнегін көрсеткенін айтып, бұл кештің тұрғындар үшін нағыз футбол мерекесіне айналғанын жеткізді. «Алтай Өскемен» клубына өскемендіктер ғана емес, облыстың түрлі қала-аудандарынан келген жанкүйерлер де қолдау білдірді. Солардың бірі Күршімнен келген Айзат Ахметова командаға деген сенімін жасырмады.

– Біз командамызды үнемі қолдаймыз. Арнайы фанклубымыз да бар. «Алтайдың» алдағы уақытта жоғары орындардан көрінетініне сенімдіміз. Бүгінгі атмосфера керемет, – деді ол.

Матч барысында жергілікті команда жанкүйерлер қолдауын анық сезінді. Алғашқы минуттардан бастап алтайлықтар қарсылас қақпасына 7 мәрте шабуыл ұйымдастырды. Алайда тәжірибелі «Ордабасы» ұжымы қорғаныста сауатты ойнап, 11 рет қарсы шабуыл жасап, өз мүмкіндіктерін жібермеді. Бұған ойын статистикасы дәлел. Шымкенттік клуб ойын допқа иелік ету бойынша 68%-ды көрсетсе, қалған 32%-ы жергілікті команда еншісінде. Өкініштісі сол, ойының алғашқы минуттарында-ақ «Алтай-Өскемен» футбол клубының ойыншылары – Никола Ямбор мен Абылайхан Назимханов сары қағаз алды.

«Бізде он шақты легионер жоқ»

Ойын барысында «Ордабасы» футболшыларының жиі шабуылға шығып, қыспаққа алғаны анық байқалды. Мүмкіндігінше жылдам гол салуға тырысқан. Дегенмен «Алтай Өскемен» жігіттері лига көшбасшыларының біріне лайықты қарсылық көрсетті. Матчта гол соғылмады. Негізгі уақыттан бөлек, төреші қосқан бес минутта да таблодағы нәтиже өзгермеді. Матчтағы ең алаңдатарлық сәттердің бірі – «Алтай Өскемен» шабуылшысы Сэйф Поповтың жарақат алуы болды. 77-ші нөмірлі ойыншыға дәрігерлер көмегі қажет болды. Алайда команда қорғаныста сенімді ойын көрсетіп, өз қақпасына гол жібермеді. Қосымша уақыттың 93-минутында тағы бір шиеленісті жағдай орын алды. «Ордабасы» командасының бас бапкері Андрей Мартин техникалық аймақтағы ерсі әрекеті үшін төреші шешімімен алаңнан қуылды. Қызыл қағаз алды. Ойыннан кейін өткен баспасөз жиынында «Алтай Өскемен» клубының бас бапкері Вахид Масудов матчтың оңай болмағанын айтты.

– Біз Қазақстан футболындағы көшбасшы командалардың бірімен ойнадық. Бұл клуб бір жыл бұрын чемпион атанған. Соған қарамастан, жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады. Әсіресе, ойын басында жақсы қарқын көрсеттік. Бірнеше мүмкіндікті голға айналдыруға болатын еді, – деді бас бапкер.

Сондай-ақ ол команда құрамының жас екенін, ішкі ротацияның аздығын да жасырмады.

– Бізде көптеген клубтағыдай он шақты легионер жоқ. Команда негізінен жас ойыншылардан құралған. Соған қарамастан, футболшыларға ризамын. Жанкүйерлердің осылай қолдау көрсетуі – біз үшін үлкен мотивация, – деді Вахид Масудов.

Бапкердің айтуынша, команданың басты мақсаты – Премьер-лигада тұрақтап қалу.

 

Матч кезінде Мартин ашуланды

Футбол кешінің соңында жанкүйерлер арасында келеңсіз жағдай да тіркелді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда «Алтай» мен «Ордабасы» жанкүйерлері арасында қақтығыс болғаны байқалады. Облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Департамент мәліметінше, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде полиция қызметкерлері жанжалдың ушығуына жол бермеген. Қарсылас команда жанкүйерлерімен сөзге келген азамат анықталып, онымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Полиция қоғамдық тәртіп толық бақылауда болғанын хабарлады.

«Алтай – Ордабасы» кездесуінде есеп ашылмағанымен, футбол тұрғысынан маңызы зор матч еді. Ұзын-саны 5500 адам келген. Ең бастысы, Өскеменде үлкен футболға деген зор сағыныш бары анық байқалды. 13 жылдан кейін қайта жанданған Премьер-лига атмосферасы мыңдаған жанкүйердің басын қосты. Бұл кеш өскемендіктер үшін жай ғана футбол ойыны емес, қала спортының қайта тыныс алған сәті болды. Ал жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен стадиондағы ерекше атмосфера «Алтай Өскемен» клубының алдағы матчтарына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Вахид Масудов шәкірттері әзірге турнир кестесінде соңғы орында. Бірақ көтерілуге мүмкіндік бар.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив