A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 09:30 0

Батырлар рухына тәу етіп, тағыз етті: Өскеменде Жеңіс күні қалай атап өтілді?

Бүгін / Өскемен

Мұнша уақыт бейбітшілік бесігінде тербеліп келе жатсақ та, соғыс тартқызған қасірет, майдан зардабы талай адамның жүрегінде мәңгі сақтаулы. Биыл алапат өрттей төңірегін жалмап өткен фашизмге тоқтау салынып, Ұлы Жеңіс үні естілгеніне 81 жыл толды. Осынау айтулы мерекені атап өту үшін қалада айтарлықтай дайындық жүргізіліп, бас-аяғы бүтін бағдарлама әзірленді. Шаһар тұрғындары сұрапыл соғыста мерт болған батырлар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып, шырақ жақты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Даңқ» мемориалындағы тебіреніс

Мерекелік шаралар шымылдығы дәстүрлі түрде «Даңқ» мемориалында гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды. Таңғы сағат 10:00-де басталған салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Сенаты депутаты Ольга Булавкина, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері және қала жастары жиналды.

– Халқымыз үшін қастерлі мереке – Жеңіс күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Жеңіспен өрілген тарихымыз Отан үшін от кешкен батырларға кенде емес. Сол себепті елдік жолында күрескен ұландар қашанда ұлықтауға лайық. Ардагерлердің ұлы ерлігінен өнеге алып, бой түзейтін жас ұрпақ аталарының қаһармандығы мен қайсарлығын әрқашан есте сақтайды. Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды! Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухына бас иіп, тағзым етеміз! – деді өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Нұрымбет Аманұлы сөз арасында есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған ардагерлер қатары сиреп келе жатқанын жеткізді. Шығыс Қазақстан облысында Жеңістің 81-ші көктемін Екінші дүниежүзілік соғысының 6 ардагері мен 3 мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алып отыр. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы сұрапыл соғыс жылдарында 90 мыңнан астам жерлесіміз майдан даласында шайқасқан. Оның ішінде 5 мыңы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Тағы бір айта кетерлігі, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушыларына 5 млн теңге (10 мың АҚШ долларынан астам) көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

– Бейбіт өмірдің қадірін түсініп, көздің қарашығындай сақтау, ұрпаққа аялап аманат ету – біз үшін қасиетті парыз! Бүгінгі Әділетті Қазақстанның берік іргесін қалыптастырып, Отанымыздың өркендеуіне септігін тигізген ардагерлерді ардақтап, қазыналы қарттарға қамқорлық таныту – ортақ борышымыз! Осынау күні әр шаңыраққа шаттық, ырыс пен бақ-береке орнасын. Жеңіс жалауы мәңгі желбіресін! – деді аймақ басшысы.

Жиын барысында соғыс ардагері Ауқатай Түйебаевтың қызы Бәтиза Ауқатайқызының естелігі көптің жүрегін тебірентті.

– Әкем Ауқатай Түйебаев Күршім ауданының тумасы. 1941 жылы майданға кеткен. 1944 жылы екі көзінен айырылып, елге оралды. Мен дүниеге келгенде көрмей кетті. Біз бала күнімізден әкеміздің көрген қиындығын естіп өстік. Соғыстың қандай қасірет екенін үлкендердің әңгімесінен білдік. Кейінгі ұрпақ ондай ауыртпалық көрмесе екен деп тілейміз, – деді ол.


Өнермен өрілген естелік

Мерекелік бағдарлама Ертіс жағалауындағы концертке ұласты. Сахнада «Катюша», «Смуглянка», «Журавли» сияқты майдан әндері шырқалып, жергілікті өнерпаздар мен би ұжымдары өнер көрсетті.

– Бұл мерекенің маңызы оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де, біз үшін де өте жоғары. Ата-бабамыздың осы тәуелсіздік жолында төккен тері мен қиған жанын құрметтеп, олардың рухына тағзым ету – парызымыз. Ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бүгін арнайы осы шараға қатысу үшін келіп отырмыз. Жас ұрпақ тәуелсіздік қадірін, бабалар ерлігін білуі тиіс. Жеңіс күні құтты болсын, – деді С.Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектеп мұғалімі Нұршат Кәрімқызы.

Концерт барысында театрландырылған қойылымдар да көпшілік көңілінен шықты. «Ана хаты», «На все меньше», «Этот вальс», «Любовь на войне», «Жеңіске жету», «Воспоминания», «Финал» секілді қойылымдар арқылы соғыс жылдарындағы ауыр кезең, ана сағынышы, жауынгер ерлігі мен халықтың төзімі сахна тілімен әсерлі жеткізілді. Бағдарламада көптеген музыкалық және би нөмірлері орындалды. «Аллегро», «Злато», «Инкоро», «Субкультура», «Krash», «Арабеск», «Конфетти» топтары патриоттық әндер шырқап, көрерменге ерекше рух сыйлады. Сонымен қатар «Шығыс таңы» би ұжымы орындаған «Венский вальс» көрермен ықыласына бөленді. Жеке орындаушылар да сахнада өз өнерлерін паш етті. Роман Хохлов, Евгений Выблов, Игорь Мещеряков, Тимур Калекперов секілді жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер арқылы елдік рухты бір көтерді.

Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі – «Жеңіс рекорды» атты патриоттық-спорттық шара. Қала тұрғындары 1945 жылдың 9 мамырынан бері өткен әрбір бейбіт күн үшін жаттығу жасап, жалпы саны 29 585 рет жерден денесін көтеру (отжимание) межесін бағындырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек спорттық сайыс емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен отансүйгіштік рухты нығайтатын ортақ алаңға айналмақ.

– Шараның басты ерекшелігі – символикалық рекорд орнату. Әрбір орындалған жерден көтерілу жаттығуы бейбіт өмір үшін батырларға білдірілген алғыс ретінде есептеледі. Жалпы нәтиже 1945 жылдың 9 мамырынан бері өткен бейбіт күндер санына, яғни 29 585 рет жаттығуға сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар, бір мезетте ең көп адамның бірге жаттығу жасау рекорды да тіркеледі, – деді ұйымдастырушылардың бірі Бекарыс Дәуренұлы.

Шараға 10 жастан 70 жасқа дейінгі азаматтар белсенді қатысуда. Қорытындысында қатысушыларға электронды сертификаттар табысталып, үздік нәтиже көрсеткендерге арнайы марапаттар беріледі.

Шығыс жұрты шырақ жақты

Ал кешкі концерт Жеңіс күнінің әсерлі жалғасына айналды. Сахнада театрландырылған қойылымдар қойылып, вокалистер мен би ұжымдарының өнері арқылы соғыс жылдарының көріністері бейнеленді. Мерекелік шараға өскемендіктер отбасыларымен, балаларымен келді. Концертке облыстың үздік шығармашылық ұжымдары қатысты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы әртістері, облыстық Полиция департаменті хоры, белгілі би топтары мен танымал әншілер сахна төрінде өнер көрсетті.

Кештегі ерекше сәттердің бірі – Арника Байбусынованың «Әлия» әнін орындауы болды. Бұл ән жиналған қауымның жүрегін тебірентті. Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач орындаған соғыс жылдарындағы әндер көпшілікке ерекше әсер етіп, көрермен қошеметіне бөленді.

– Осындай шаралар жастарға өте қажет. Біз ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. Балаларымды арнайы ертіп келдім, олар тарихты кітаптан ғана емес, осындай рухани кештер арқылы да сезінуі тиіс, – дейді Өскемен тұрғыны Айгүл Серікқызы.

Кеш соңында тұрғындар «Өз шырағыңды жақ» азаматтық-патриоттық акциясына қатысты. Мемориал маңында 7 199 шырақ жағылды. Шырақтардан бес жұлдыз бен «81» саны бейнеленіп, Жеңістің 81 жылдығының символына айналды. Бұл жарық – майдан даласынан оралмаған шығысқазақстандық боздақтың рухына бағышталған мәңгілік тағзымның символындай болды.

Кеш соңында Өскемен аспанын мерекелік отшашу жарқыратып, Жеңіс күніне арналған тағылымды кештің әсерлі нүктесін қойды.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Фотосурет ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив