
«Екі шақырымдық аламан құрақ»: Өскеменде тағы да рекорд жаңартылмақ
Ұзындығы екі шақырымды құрайтын аламан құрақ қала орталығындағы «Восток» стадионында жайылып, әлемдік рекорд жаңартылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында мәлім болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шеберлер бас қосқан шара
Мамырдың 15-17 аралығында Шығыстың бас шаһарында «Ғасырлық дәстүрлер» атты халықаралық кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының фестивалі өтеді. Шараға 8 мемлекеттен және еліміздің түрлі өңірінен жиыны 800-ден астам қолөнер шебері қатысады.
– Бұл шара Халықаралық музей күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық этнографиялық мұра мен сәндік-қолданбалы өнерді сақтап, насихаттау, дәстүрлі қолөнерді дамыту, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту. Фестивальге Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Татарстан, Ресей, Қытай, Таулы Алтай және кілем тоқу өнерінің отаны саналатын Әзірбайжаннан, сонымен қатар еліміздің әр түкпірінен таңдаулы қолөнер шеберлері қатысады, – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Фестивальдің басты ерекшелігінің бірі – «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабына енгізілетін «Аламан құрақ – 2026» жобасы.
– Былтыр бұл іс-шара республикалық деңгейде ұйымдастырылса, биыл халықаралық деңгейге жетті. Ертең, 15 мамыр күні ұзындығы екі шақырымды құрайтын аламан құрақ көрпе жайылып, әлемдік рекорд жаңартылады деген ойдамыз. Кейін құрақтың барлығы ШҚО этнографиялық музейінің Сол жағалау кешеніне орналастырылады. Ал кешкі уақытта фестивальдің салтанатты ашылуы өтеді, – деді Мәдениет басқармасының басшысы Самат Касенов.
Киіз басу кенжелеген ел
Әр елден әкелінген алаша, сырмақ, текемет пен құрақтарды арнайы қазылар алқасы бағалап, үздік жұмысқа 1 млн теңге көлемінде бас жүлде табысталады. Сонымен қатар Сол жағалау кешені аумағында көрме-жәрмеңке, кілем тоқу бойынша шеберлік сағаттары және Шығыс Қазақстан қолөнершілерінің шығармашылығымен таныстыру ұйымдастырылады.
– Қазақстанға осымен үшінші рет келіп тұрмын. Бұл жолғы келу себебім де ерекше. Осы фестивальдегі қазылар алқасының мүшесімін. Бір кездері Түркияда киіз басу өнері ұмытылып бара жатқанымен, қазір қайта жандана бастады. Қазақстан мен Қырғызстанда киіз басу өнері өте танымал екенін білемін. Қазір осы тақырыпта докторлық диссертация қорғап жүрмін, – деді Ладик кәсіптік-техникалық училищесінің тоқыма киім, аяқ киім және былғары секциясы кафедрасының меңгерушісі әрі қазылар алқасының мүшесі Салих Гиргич.
Сол жағалау кешені аумағында ұйымдастырылатын көрме-жәрмеңкеде жастықтардың бағасы 35 мың теңгеден, ал көрпелер 100 мың теңгеден басталады. Одан бөлек, концерттік бағдарламада арнайы шақырылған этникалық музыка шеберлері өнер көрсетпек.
Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер