A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 12:45 0

Өскеменде «Мамандық Pro-Fest 2026» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Бүгін / Өскемен

Аталған іс-шараға 100-ден астам жұмыс беруші, жұмыссыз азаматтар, мемлекеттік грант иегерлері, жастар, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердің 450-ге жуық түлегі қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – өңір экономикасының басым салаларына қажетті кадрлық сұранысты қамтамасыз ету, жастарды және оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтуға қолдау көрсету, түрлі санаттағы жұмыс іздеушілердің еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік жасау. 
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызының айтуынша, мұндай алаңдар жас мамандарға үлкен мүмкіндік береді.
– Бұл жәрмеңке – колледждер мен жоғары оқу орындарын биыл тәмамдайтын түлектер үшін өте тиімді мүмкіндік. Олар өздерінің кәсіби деңгейін бағалап, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын таба алады. Бұл – жастардың болашақ мамандығы бойынша еңбек жолын бастауына жол ашатын маңызды жоба, – деді басқарма басшысы.
Жәрмеңке барысында бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беру жұмыстары да жүргізілді. Әсіресе 9-11 сынып оқушыларына мамандық таңдау бойынша кеңестер беріліп, түрлі оқу орындарының мүмкіндіктері таныстырылды.
– Бүгінгі іс-шарада түлектермен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Өз мамандықтары бойынша жұмыс табуға үлкен мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар 9-11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру бағытында арнайы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Манкей.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарының таныстырылымдары, көрмелер, шеберлік сабақтары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жұмыспен қамту қызметінің мүмкіндіктері мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар ұсынылды. 
Жұмыс іздеушілер мен түлектерге нақты жұмыс орындарына жолдамалар табысталды. Мәселен, Лаура Дастанқызына «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында Өскемен қаласының ішкі саясат бөліміне химиялық талдау зертханашысы мамандығы бойынша жолдама берілді.
Ал Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданынан Самар ауданына қоныс аударған Гүлдана Теміртайқызы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі ретінде тұрақты жұмысқа орналасты.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив