A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 14:45 0

Өскеменде 2 шақырымдық құрақ көрпе жаюға 800-ге тарта тігінші жиналды

Бүгін / Басты / Өскемен

Бүгін Өскемендегі «Восток» стадионында «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалі аясында ұзындығы 2 шақырымды құрайтын аламан құрақ көрпе жайылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ең егде тігінші 90 жаста

Алдын ала ақпараттар кешелі бері таралып жатыр. Мақсат біреу – рекорд орнату. Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған бұл іс-шараның басты мақсаты – ұлттық этнографиялық мұра мен сәндік-қолданбалы өнерді сақтап, насихаттау. Аталған шараға еліміздің 17 облысы мен қаласынан 789 қолөнерші жиналды.

– Еліміздің батысы мен шығысы тоғысып, Өскемен қаласына келдік. Бүгін стадионда 480 аламан құрақ жайылды. Оларды тігуге әр өңірден 6 жастан 90 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, нәзік жандылар мен ақ жаулықты әжелер атсалысты. Енді «Global Best of Records» халықаралық рекордтар кітабының ресми өкілі, бас офицері Қуандық Құдайбергенов өлшеу жұмыстарын жүргізеді, – деді «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайхан.

Ең көп құрақшы Алматы облысынан келген. Жалпы саны – 103 адам. Арасында үлкені де, кішісі де бар. Батыс өңірден 30-ға тарта адам келді.

– Біз Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласынан келдік. Барлығы 27 құрақшымыз. Рекорд орнатылады деп сенеміз. Осындай ауқымды, Алты Алаштың басын қосатын маңызды шараның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Әсеріміз керемет, – деп бөлісті Орал қаласынан келген Жанаргүл Жанаева.

Рекорд нәтижесін әкім хабарлайды

Ал аталған рекордтың ресми тіркелген-тіркелмегені бүгін ШҚО этнографиялық музейінің Сол жағалау кешенінде өтетін салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов хабарлайды.

– Бір көрпенің көлемі – 90х260 сантиметр. Шығыс Қазақстаннан 48 құрақшы жиналдық. «Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайханның бастамасымен дәл осы жерде екінші рекорд орнатқалы отырмыз. Бірінші рекордта Өр Алтай табиғатына сай құрақ тіксек, бұл жолы жеті қазынаның бірі – тұлпар бейнеленген жастықтарды ұстап, шеру тарттық, – деді шығысқазақстандық зейнеткер әрі құрақшы Алмагүл Садыкова.

Айта кетейік, осы жылдың 22 наурызы қарсаңында да Өскеменнің орталық алаңында облыс әкімі бастаған 5201 домбырашы «Ақбұлақ» күйін орындап, рекорд орнатқан болатын.

Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив