Ауқымды іс-шараға облыс колледждерінің студенттері, ұстаздар мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Чемпионаттың басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау және еңбек нарығына бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өңірдің дамуы адами капитал сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Еліміздің, облысымыздың дамуы тек табиғи байлықтарға ғана байланысты емес. Ең алдымен, адами капиталға байланысты. Адами капиталды дамытуға үлкен үлес қосып отырған – білім беру ұйымдары. Сондықтан бүгін дәстүрлі түрде «WorldSkills Shygys 2026» чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр. Бүгінде жұмысшы мамандықтар экономика мен қоғамның дамуына маңызды үлес қосуда. Жас мамандардың білімі, біліктілігі мен кәсібилігі – облыс болашағының кепілі, — деді Ербол Нұрғалиев.
Оның сөзінше, қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар студенттердің сапалы тәжірибеден өтіп, кәсіби білім алуына жағдай жасалып жатыр.
— Біз колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеміз. Былтыр республикалық деңгейдегі чемпионатта біздің студенттер екі алтын, алты күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар «Үздік маман» аталымы бойынша 10 медаль иеленді. Алда бұдан да үлкен жетістіктер күтіп тұр деп сенеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Чемпионатқа өңірдің түрлі аудан-қалаларынан келген колледж студенттері қатысуда. Атап айтқанда, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың жоғары колледжі, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың IT колледжі, Риддер колледжі, Глубокое аграрлық колледжі, Құмаш Нұрғалиев атындағы колледж және өзге де оқу орындарының білім алушылары бақ сынамақ.
Пікірлер