ҚМА ШҚО бойынша департаменті Өскеменде заңсыз алкоголь өнімдерін өндірумен айналысқан жасырын цехтердің қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Төрт мекенжайда орналасқан қойма ғимараттарында спиртті сумен араластыру арқылы қолдан жасалған алкоголь өнімдері шығарылып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны ыдыстарға құйылған.
Өнімге заңды тауарға ұқсас сипат беру үшін жалған есептік-бақылау маркалары пайдаланылған.
Тінту барысында құрамында спирті бар 26 тонна сұйықтық, «Таежный волк», «Stolichnaya», «Добрый медведь», «Казахстан» атауларымен дайындалған заңсыз алкоголь өнімдері, жалған есептік-бақылау маркалары мен өндіріс және құюға арналған жабдықтар тәркіленді.
Цехте тәулігіне 500-ден 1000 литрге дейін өнім құйылған.
Заңсыз алкоголь өнімдері қаладағы және облыс аудандарындағы сауда орындары арқылы сатылған.
Тергеп-тексеру жалғасуда. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Сот санкциясымен заңсыз өнімді тасымалдауға пайдаланылған 5 жүк автокөлігіне тыйым салынды.
Пікірлер