Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейде өткен мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, 44 түлекке ақ жол тіледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты жиында өңір басшысы білім саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы айтып өтті. Оның сөзінше, соңғы жылдары елде білім беру жүйесін дамыту бағытында бірқатар маңызды шешім қабылданды.
– Мемлекет басшысы білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде мектептерде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Ұстаздардың қоғамдағы орны әрқашан жоғары. «Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген сөз бекер айтылмаған, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі бүгінде Президент тапсырмасы аясында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол өңірдегі көрсеткіштерге тоқталды.
– Биыл облыстағы 354 мектепте 5000-нан астам оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 494 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар 439 оқушы үздік аттестат алуға ниетті. Олардың қатарында осы лицейдің оқушылары да бар, – деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау соғылып, көпшілік оларға сәт-сапар тіледі.
Пікірлер