Облыс орталығында кене шағуына байланысты екі мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Слямғазинаның айтуынша, эндемиялық аумақтарда кене шағуына байланысты 2155 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 609-ы немесе 28,2 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер.
- Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда медициналық көмекке жүгіну саны 632-ге азайды, - деді ол.
Жалпы зардап шеккендердің 93,8 пайызы серопрофилактикамен қамтылған. Ал қалған 134 адамға иммуноглобулин салынан жоқ. Олардың қатарында эндемиялық емес аумақта кене шаққандар, медициналық көмекке кеш жүгінгендер, екпеден бас тартқандар немесе алдын ала вакцина алғандар бар.
Сондай-ақ биыл облыс аумағында зертханалық жолмен расталған кене энцефалитінің бір жағдайы Өскеменде тіркелсе, Зайсан ауданында Лайм ауруының екі жағдайы анықталған.
Пікірлер