Әкімдік ақпаратынша, Жаңа Бұқтырма кентіндегі мемлекеттік тілде оқытатын 200 орындық жаңа мектеп құрылысын келер жылы аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудандық білім бөлімі өкілдері берген мәліметке сүйенсек, бұл жақта барлығы 37 мектеп бар. Соның бесеуі негізгі білім берсе, 24 мектеп өз түлектеріне орта білімнің аттестатын табыстайды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, ауданда барлығы 903 мұғалім жұмыс істейді.
Мәлім болғандай, ауданда кадр тапшылығы байқалмайды. Тек математика, информатика, бастауыш сынып, ағылшын тілі, тарих, география пәндерінен беретін 11 ұстазды іздестіруде бұл аудан. Дегенмен аудан әкімдігі Өскемен және Семей қалаларының жоғары оқу орындарында бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне белсенді қатысып, жас мамандарды жұмысқа тартқан. Нәтижесінде 2024-2025 оқу жылында 23 жас маман жұмысқа кірісті.
«Алтай ауданында күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер жоқ».
– Алтай ауданындағы ең ескі мектептер: 1954 жылы қабырғасы қаланған «Алтай қаласының №1 бастауыш мектебі» КММ (1954 ж.) және 1956 жылы салынған «Алтай қаласының № 2 бастауыш мектебі» КММ, бірақ қос нысанның жағдайы жақсы, – дейді білм бөлімінің мамандары.
Аудандағы ең жаңа мектептің өзі 2015 жылы салынған. Білім ордасының қай аулда орналасқаны белгісіз, сұраухатқа берген жауапта «Чапаево орта мектебі» КММ делінген. Келер жылы Жаңа Бұқтырма ауылында мемлекеттік тілде оқытатын 200 орындық жаңа мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер