Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес қазір экономиканы диверсификациялауға көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, Алтай ауданы көлемінде балл-бонитет арқылы нәтиже шығаруға болады. Балл-бонитет дегеніміз - табиғи нысандардың сапасын анықтайтын көрсеткіштердің бірі.
- Бізде орташа алғанда боннитет 70-ке тең. Осыдан бір-екі апта бұрын ауқымды жәрмеңке өткізгенде кімнің не өсіріп жатқанын сонда көрдік. Біреуі қияр, біреуі асқабақ, біреуі картоп және тағы басқасын әкепті. Халықпен кездесіп, «бұларды ары қарай не істейсіздер?» деп сұрағанда көбінің бар тапқанымен шектеліп жатқанын аңғардық. Ары кетсе, қазып алған көкөнісін шелектеп сатады, қайта өңдеуге өткізбейді. Осы салада жұмыстар қолға алынып жатыр. Өйткені бізге қайта өңдеу барысы маңызды, - деді Ренат Тілеуханұлы.
Әкімнің сөзінше, тек қияр егетін адам жаз біткенде өнімін белгілі бір мекемелерге өткізіп отырса, онда табар табысы да молаятын еді.
- Бізде Малеевка ауылдық округі бар. Ол жаққа биыл басқа өңірден азаматтар келіп, кәдімгі моншаға арналған бейнектер дайындады. Ала жаздай жүріп 5000 бейнек әзірледі. Енді соны буып-түйіп, Астана, Алматы қалаларына апарып сатпақшы. Бұдан табиғатқа ешқандай зиян жоқ. Өйткені, бізде ағашты қайта өңдеу деген бар. Орман шаруашылығымен келістік. Қайың ағаштары кесілген кезде жаңағы азаматтар оның бұталарын жинап алады. Біріншіден, тазалық жұмысы жүреді. Екіншіден, іс ары қарай жалғасады, - деді аудан басшысы.
Бас-аяғы 18 адам басқа облыстан келген. Ренат Құрмамбаев оларға жергілікті жұртпен жүздесіп, қандай ағаш түрлері керек екенін сұрауға қолқа салыпты. Ауыл жұрты соны тауып, жаңағы іскер жандар бұтасын сатып алса, екі тарап та пайдасын көрмек.
- Жоғары сынып оқушылары, студенттер, жұмыссыз жүрген ер-азаматтар мұны қолға ала алады. Жасырып-жабары жоқ, қазір моншаға арналған бейнек сатып алсақ, бағасы арзан емес. Алматы, Астана жақта 4000-5000 теңге шығар. Оған қоса, олар басқа технология ойлап шығарды. Тек қайың бұталары емес, алма ағашы, қарақат бұтасын да қолданып, хош иістендіріп жібереді. Денсаулыққа да пайдалы. Осы мәселені халықпен кездескенде әркез түсіндіріп отырамыз, - деді әкім.
Пікірлер