Күршім ауданындағы егістік алқаптарында жұмыс қызу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сайт тілшісі ауданға арнайы барып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Құйған ауылының тұрғыны, диқан Базарбай Шарапиевтың айтуынша, Күршімнің өнімдері облыстың қала, аудандарында сұранысқа ие.
- Құйған ауылдық округінің құнарлы егіндік алқабында тер төгіп жүргенімізге жиырма жылдан асты. Осы жылдар ішінде қауын-қарбыз өсіріп, аудан мен ауыл тұрғындарын таза табиғи өніммен қамтамасыз етіп келеміз. Биылғы алқап көлемі де ауқымды — қарбыз 3 гектарға, қауын жарты гектарға егілді. Одан шамамен 150 тоннадай өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің өнімдеріміз Өскемен, Самар, Көкпекті сияқты қала-аудандарға және өзге де елді мекендерге жеткізіледі, - деді ол.
Диқанның сөзінше, ең негізгі міндет — табиғи, сапалы өнім өсіру.
- Қауын-қарбыздың дәмі таза жерден, өз алқабымыздан шығады. Негізгі күтімі — ұдайы суару мен арамшөптерден тазарту. Ал су мәселесі бізде шешілген: бұлақтың тұнығынан үздіксіз су келіп тұрады. Табиғаттың берекесін халқымызбен бөлісу — басты борышымыз. Біз өсірген өнім таза әрі дәмді болуы үшін бар күшімізді салып келеміз, - деді Базарбай Шарапиев.
Ал «Бекенев» ЖК директоры Мұрат Бекеневтың де осы кәсіппен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан.
- Алғаш рет 1993 жылы қолға алған едім. Қазір тамшылатып суару әдісі арқылы қияр, қызанақ сияқты көкөніс пен жеміс түрлерін өсіріп, аудан мен ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеміз. Биылғы жылы тамшылатып суарудың мүмкіндігін пайдаланып, 7 гектар жерді жыртып, егістікке айналдырдық. Жалпы алқап көлемі — 8,9 гектар. Осы әдіске 5 миллион теңгедей қаражат жұмсалды. Бірақ біз еш өкінбейміз. Себебі ең бастысы — өсірген өніміміз табиғи әрі таза болады. Тамшылатып суарудың тиімділігі өте көп. Бұрын суару үшін күні бойы уақыт кететін еді. Қазір бар болғаны 2-3 сағат жеткілікті. Уақытымыз үнемделеді, жұмыс тиімді жүреді. Қазір біздің алқапта 16 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Олардың еңбегі мен төзімділігіне алғысым шексіз! Күннің аптап ыстығына қарамастан егін егіп, суарып, халыққа сапалы өнім жеткізу үшін бір кісідей жұмылып еңбек етуде, - деді ол.
Пікірлер