Волейболдан әйелдер командалары арасында Ұлттық лига ойындары Өскеменде өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тартысты да, шиеленісті кездесудің біршамасы фавориттерді алғашқы ойындарда-ақ жолықтырды. Бірақ олардан бөлек, көпшілік тосынсый жасайды деп күтпеген «Қарағанды» командасы да қарқынын арттырды. Олар осы уақытқа дейін «Ару Астана», «Ақтөбе», «Алматы», «Ertis», «Грация KZ» волейболшыларын ұтып, 15 ұпаймен турнир кестесінде топ бастады.
Кеше «Ertis» аруларын 3:0 есебімен ұтқан жергілікті «Берел» 14 ұпаймен 2-ші орынға тұрақтады. Өскемендік клуб өзінің сыралғы қарсыласы «Жетісумен» де, «Қуанышпен» де ойнап, жеңіске жетті. Алдағы екі ойынды өз пайдасына шешсе, бірінші орынға көтерілетіндіктері анық. Оған қоса, кубалық шабуылшы Юнеска Роблес Батиста да құрамға қосылып, кеше «Ertis» ойыншыларымен өткен кездесуде маңызды ұпайлар алды. Көрермен арасында «Батиста оралуыңмен! Барыңды сал!» деп қиқуға басқандар көпшілік назарын аударды.
Ал бүгін жергілікті ұжым кешкі сағат 18:30-да түркістандық «Тұранмен» шеберлік байқасады.
Ойындар Жекпе жек сарайында өтеді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер