A+ A A-

talgatzhan 79 19-11-2024, 11:30 0

Өскемендік нәзік жандылар құрлықтық жарыстарда атой салып жүр

Өскемен / Бүгін

С. Аманжолов атындағы ШҚУ спортшылары Влада Тараданова, Виктория Маисеева мен Зейнеп Құмарқан ескек есу слаломы мен шорт-тректен біршама биікті бағындырып үлгерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шыны керек, соңғы уақытта спорт әлемінде сайыс сайын сенсациялар тіркеліп, жаңа есімдер шығып жатыр. Бұрын тек ерлер қамтитын бағыттарды таңдаған бұрымдылар да көбейді. Солардың бір бөлігі Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Мәселен, С. Аманжолов атындағы ШҚУ спортшылары Влада Тараданова, Виктория Маисеева мен Зейнеп Құмарқан түрлі ірі бәсекелерде тұғыр биігінен көрініп жүр. Көркем гимнастикада нәзіктік пен әсемдік қажет болса, олар таңдаған спорт түрлері орасан күш пен мінезді талап етеді.
Влада мен Виктория байдарка мен каноэ еседі. Әрқайсысы ескек есу слаломында жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Влада халықаралық дәрежедегі спорт шебері және республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Виктория да халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Тайландтағы Азия чемпионатының және басқа да ірі жарыстардың жүлдегері. Қыздар атап өткендей, бұл спорт суда әртүрлі кедергілерден өтуді көздейді. Слалом тек физикалық дайындықты қажет етпейді, мұнда жылдам шешім қабылдау маңызды.

 
– Ескек есу слаломы спортын бірден ұнаттым деп айта алмаймын. Мектепте алғашқы жаттығуға шақырған кезде де онша қызығушылық танытпадым. Достарыма еріп, жай қызықтап қайтамын деп ойладым. Алайда қайыққа отыра салысымен, бұл спорттың бізге соншалық жат еместігін түсіндім. Ұнаттым, – дейді Виктория Маисеева.
Оның айтуынша, жаттығу түрлі базаларда өтеді. Бәрі мезгілге байланысты. Қыста шаңғы теуіп, спортзалда дайындалса, көктемде су жағасында жаттығады. Жаз бен күзде оқу-жаттығу жиындары тіпті жиілейді. Күш пен шыдамдылықты арттыруға арналған жаттығулар көп орындалады. 
Ескек есу слаломының күрделілігіне қарамастан, спортшылар бұл спорт тек ер адамдарға арналған дегенмен толыққанды келісе қоймады.
– Иә, слаломды ескек есу шынымен де күрделі. Негізінен ерлер спорты деп саналады. Бірақ мен мынадай маңызды нәрсені түсіндім. Ерлерге арналған бағытты таңдаған қыздар керісінше, өздерін одан сайын қамшылай түседі. Гендерлік теңсіздіктің тамырын балталау осылай басталса керек. Әлеуетімізді шектеп тастасақ, жетер жетістігіміз де азаяды. Не дегенмен біз тек физикалық төзімділікті ғана емес, сонымен бірге рухымызды да шыңдаймыз, – деді Влада Тараданова.
19 жастағы Зейнеп Құмарқан да көркем гимнастика мен мәнерлеп сырғанау сияқты нәзікті қажетсінетін спорт түрлерін айналып өткен. Оған шорт-трек ұнайды. Оның ерекшелігі сол, қашықтығы қысқа айналма мұз алаңын қарсыластарын жылдам еңсеру. Бүкіләлемдік Универсиадаға қатысқан ол Қазақстанда әйелдер шорт-трегінің қарыштап дами қоймауы бәсекелестіктің болмауымен байланысты екенін айтты. Тиісінше, отандық шорт-трекшілердің шеберлігі баяу шыңдалады. Зейнептің айтуынша, қарсыластардың көптігі мен мықтылығы – спортқа деген сұранысты арттырып, қатаң іріктеуге әкеледі. Ал кез-келген тартыс – өзін-өзі дамытуға қадам.

 
Айтпақшы, даму туралы. Қыздар тек үлкен спортта ғана емес, оқуда да жоғары көрсеткіштерге ие. Жалпы, жерлестеріміз "Дене шынықтыру және спорт" және "Сауықтыру дене шынықтыру" білім беру бағдарламаларын таңдайды. Қыздар жаттығуға дейін оқудағы сынақтарын толық тапсырып, қатарластарымен уақыт өткізіп үлгереді. Ірі халықаралық және республикалық жарыстар таяған сайын оқуды қатар алып жүру де қиындайды.
– Міндетті түрде керек анықтаманың барлығын тапсырып, өтініш жазуымыз керек. Университетте бәрі қаз-қалпы орындалуы тиіс. Жалпы, біз әрқашан ректор Мұхтар Әділбекұлы мен оқытушылар тарапынан зор қолдауды байқаймыз. Бұл жеңіске ұмтылуға және облыс абыройын көтеру жолында алға ұмтылуға күш береді, – дейді Виктория Маисеева.
Қыздар жазғы слаломды ескек есу маусымын аяқтады. Оның қорытындысында, Влада 2024 жылғы республикалық чемпионатта командалық жарыста бірінші, ал жеке сында екінші болды. Сол жарыста Виктория әйелдер байдаркасында екінші, ал командалық сында алтын алды. Зейнеп Құмарқан күзгі Қазақстан чемпионатында жүлделі екінші орынды жеңіп алды.
Айта кетейік, С. Аманжолов атындағы ШҚУ – өңірдегі даңқты спортшылардың бірнеше буынын тәрбиелеген көпсалалы ЖОО. Жоғары мектептің үздік түлектері: Ақмарал Науатбек, Денис Уланов, Асқар Можанов, Алексей Полторанин, Наталья Турукало, Борис Александров, Евгений Лабутов және т.б.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив