A+ A A-

talgatzhan 17 4-10-2024, 16:43 0

Өскеменде ұстаздар марапатталды

Өскемен

Бүгін облыс орталығында «Болашақтың мұғалімі: ақыл мен технология синергиясы» атты мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыстың түкпір-түкпірінен келген киелі мамандық иелерінің басы «Ертіс концерт» залының сахнасында тоғысты. Салтанатты шараға облыс әкімдігі, білім басқармасының басшылары мен мамандары, ардагер ұстаздар, білім беру саласының майталмандары қатысты. Өмірлік жолын үлгілі қызметке арнаған ұстаздар қауымын облыс әкімі атынан орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Кез-келген азамат үшін ұстаздың рөлі ерекше. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені ол – мектептің  жүрегі» деп аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қай заманда да ұстаздың орны елеулі. Ұстаз – ұлағатты есім. Өз ісімен, сөзімен және көзқарасымен жас ұрпақты тәрбиелей отырып, ұстаз тұтас бір елдің болашағын қалыптастырады. Сондықтан құрметті ұстаздар, қажырлы еңбектеріңіз үшін мың алғыс! – деді Ербол Нұрғалиев.Облыста жыл сайын мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама» сайыстары өткізіледі. Биыл облыстық «Үздік педагог» байқауына  74 мұғалім қатысып, оның алтауы республикалық деңгейде өңір намысын қорғауға жолдама алды.
Сондай-ақ екі мұғалім «Еңбек сіңірген ұстаз» төсбелгісімен, алты мұғалім Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлестері үшін ақшалай сыйлықпен марапатталды. 
Мерекелік шара аясында білім саласының еңбек ардагерлері, үздік педагогтері мен білім бөліміндегілер «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталып, ҚР оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық награда-медальдарымен, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаты, «Құрмет» грамотасы сияқты марапаттарға ие болды.
- Ұстаздың жолы – ұлы жол. Міне, бар ғұмырымды ұстаздық жолға арнап, бүгінде тағы бір мәрте еңбектің еленіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Ел болашағы жастардың қолында болса, сол жастарды бала кезінен елін сүйген ұлтшыл, халқын сыйлайтын әдепті, елін қорғайтын батыр, өжет, биік шыңдардан көрінетін саналы етіп тәрбиелеу, оған білім беру – мұғалімдердің қолында. Мен ұстаздарды бүгінгі кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, салтанатты шарада марапатқа ие болған әріптестеріме алар асуларыңыз әлі алда дегім келеді, - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» грамотасына ие болған Роза Бисаканқызы.
Шара соңында мерекеге арнайы шақырылған құрметті қонақтар, білім беру саласының ардагерлері  мен облыс педагогтері Өскемен қаласының және Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі» КМҚК  шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив