A+ A A-

talgatzhan 117 6-01-2025, 17:00 0

Жасанды интеллект болашақта адамзатқа қызмет ете ме әлде әмірін жүргізе ме

Республика

2024 жылы жасанды интеллект (ЖИ) дамудың жаңа сатысына көтерілді. Техноалыптардың бәсекелестегі жылдан-жылға күшейіп, адамзат баласына әңгімелесетін авто, робот-күтуші секілді адам сенгісіз ақылды өнімдерді сыйлауда. Алайда жармақтың екі беті болатыны секілді ЖИ-дің де екі қыры бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform ға сілтеме жасап.


Мүмкіндіктің жаңа көкжиегі

2024 жылғы ауыз толтырып айтарлық нәтиже – ЖИ-дің жетілдіріліп, мәтін, дауыс, сурет және видеоны біріктіре пайдалану арқылы контент, ақпараттық өнім жасауды «үйренуі» болды. Meta, ByteDance, Google және OpenAI сынды жетекші корпорациялар ЖИ-ді жай ғана қолайлы етіп қоймай, оны күнделікті өмірдің сан түрлі салаларына кіріктіруге шындап кіріскен сыңайлы.

Шілде айында Meta тұтынушының сұрауымен жаңа сурет жасайтын және бар суретті өңдейтін виртуалды көмекшінің жаңартылған нұсқасын шығарды. Бұны ЖИ-дің шығармашылық жұмысы десек те болады. Марк Цукерберг жыл соңына қарай Meta AI ең көп сұранысқа ие көмекшіге айналатынын айтады.

Қытайлық TikTok-тың ByteDance компаниясы да қалыс қалар емес. Тамыз айында жазған мәтінге сай сапалы видео жасап беретін Jimeng AI қосымшасын таныстырды.

OpenAI-да да дәл осындай Sora атты қосымша бар. Бұлар контент жасау үдерісін жылдамдатып, медиаиндустрия мүмкіндіктерін арттырады.

Jimeng AI әзірше тек Қытайда қолжетімді және оның жасап беретін видеосының ұзақтығы бірнеше секундтан аспайды. Алайда ByteDance бұл қосымшаны TikTok-қа кіріктірмек. Олай етсе, видеоконтент саласында таңғажайып өзгеріс болады.

Мамыр айында OpenAI мәтін, аудио және суретпен жұмыс істейтін GPT-4o дауыстық көмекшісін таныстырды.

Google болса, ЖИ-мен селбесетін Project Astra мультимодалдық көмекшісін шығаратынын жариялады.

Дегенмен, жасанды интеллект саласындағы инновациялардың қарқынды дамуы тек таңданыс тудырып қана қоймай, біраз адамның бойына қорқыныш та ұялатады. Kazinform бұған дейін жазған алаяқтық, қоғамдық пікірге манипуляция жасау және жалған ақпараттың көптеп таралуы сияқты қауіп-қатерлер күнделікті өмірде жиі көрініс таба бастады.

ЖИ күнделікті өмірге өзгеріс әкелді

ЖИ біз күн сайын қолданатын смартфон, тұрмыстық техника және автомобильдерге енгізіліп, өміріміздің бір бөлігіне айналып барады. 2024 жылы Samsung, Google және Apple смартфондары тағы бір технологиялық серпіліс жасап, жаңа функциялар қосылды.

Samsung жыл басында шығарған Galaxy S24 моделінде ЖИ-дің озық мүмкіндіктерін көрсетті. Оның ішінде телефонмен сөйлесіп тұрған сәтте ілеспе аударма жасау, құжатты оңай жасау үшін сөйлеп тұрған сөзіңді мәтінге айналдыру, интеллектуалды фоторедактор және бірегей ақпаратты іздеу функциясы бар.

Енді бір нысан жайлы ақпарат алу үшін, экранға алып тұрып, саусақпен дөңгелете сызып қалсаңыз болды, ешбір сұрау салмай-ақ смартфон ол жайлы ақпаратты тауып береді. 

WWDC 2024 жазғы конференциясында Apple өзінің Apple Intelligence атты жасанды интеллектісін таныстырды. Apple бас директоры Тим Кук жаңа өнімді «жасанды интеллект шеңберінен шығатын» жекелендірілген және интуитивті технология деп атады.

Автомобильдердің де күннен-күнге «ақылы» артып барады. Мысалы, Volkswagen маусым айында ChatGPT-ді өзінің көліктеріне қосып, әңгімелесу және дауыс арқылы қызметтерді басқару мүмкіндігін енгізді.

Mercedes-Benz болса, MBUX көмекшісі арқылы тағы бір деңгеді бағындырды. Көлік өз иесінің көңілін табуды әбден меңгеріп алды: таңертең сол күнгі негізгі жаңалықтарды ұсынады, кешке денені босататын массаж баптауын қосады, ал кездесуге кешігіп бара жатса, жай ғана көлікте отырып-ақ қоңырау шалуға мүмкіндігі барын еске салады. Бұл дегеніңіз әр километрмен астасқан қамқорлық әрі жайлылық.

«Ақылды үйлер» қалай дамып келеді

Жасанды интеллект «ақылды үйлердің» де ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Генеративтік ЖИ жүйелер үйді басқаруды жай ғана ыңғайлы етіп қоймай, қолданушыға не қажет екенін болжау арқылы құрылғымен байланысты интуитивтік деңгейге көтереді.

Жылдың жаңа өнімдері таңғалдырмай қоймайды. Samsung компаниясы Ballie атты жаңа роботты таныстырды. Ол үйді күзетуден бастап, кәрі-құртаң адамдарға көмектесуге дейінгі қызметтерді көрсетеді. Ал оған енгізілген проекциялаушы тіптен жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. 

Ал LG компаниясы ұсынған AI Agent көмекшісі адамның көңіл-күйін танып, әңгімеге тартып, керек болса тұрмыстық техникаларды да басқара алады.

Екінші жағынан алғанда «ақылды» көмекшілердің мүмкіндіктері артқан сайын адамның тәуелділігі де күшейіп келеді. Осы орайда ЖИ күнделікті шаруасын тындырып беру арқылы адамдарды кітап оқу, шығармашылықпен айналысу сынды дағдылардан айырмай ма деген сұрақ туады. Мәселен, ЖИ көмегімен фотоларды өңдеу мінсіз суреттерді жасауға мүмкіндік бергенімен, адамның осы шығармашылық үдеріске қатысуын тоқтатады.

Автоматтандыру мен адам арасындағы «алтын орта»

Наурыз айында Ұлыбританияның мемлекеттік саясатты зерттеу институты елде 8 млн азамат мамандығының автоматтандырылуына байланысты қиын жағдайға тап болуы мүмкін екендігі жайлы баяндама жариялады. Қазірдің өзінде копирайтерлер, графикалық дизайнерлер және жеке көмекшілер технологиялық серпілістің салдарын сезінуде. Автоматтандыру тек экономика саласымен ғана шектелмейді, білім және қауіпсіздік секілді салаларға да еніп жатыр.

Компаниялар Amira, Memrise және Dreambox сынды платформалар жасау арқылы тіл, математиканы үйрету және басқа да дүниелерге баулу істерін жеңілдету үшін ЖИ-ді дендетіп енгізіп жатыр. Алайда осы бастама білім беру нарығынан мұғалімдерді ығыстырып шығарса не болады? 


Киберқауіпсіздік саласының мамандарын да ЖИ қорғану саласынан бөлек, шабуылдау саласына қолданылса жағдай қалай болады деген сұрақ мазалайды.

«Чатэм-Хаус» сараптамалық орталығы ұйымдастырған «Киберкеңістік 2024» конференциясында Жаһандық кибер-альянс үкіметтік емес ұйымының халықаралық серіктестік директоры Терри Уилсон алаяқтар ЖИ-ді қолданушылардың жеке ақпараттарын алуға бағытталған күрделі фишингтік шабуылдарды жүзеге асыру үшін пайдалану қаупі барын атап өтті. Бұл адами факторға негізделген шабуылдар жеке пайдаланушыларға ғана емес, сонымен қатар тұтас ұйымдарға да қауіп төндіреді.

Сонымен қатар ЖИ-дің қарқынды дамуы энергия шығынын арттырады, өйткені контент жасау ауқымды есептеу ресурстарын пайдалануды талап етеді. BBC хабарлағандай, генеративті ЖИ жүйелері басқа бағдарламалық жасақтамаларға қарағанда 33 есе көп энергия тұтынады. 2026 жылға қарай ЖИ компаниялары бүкіл Жапония тұтынатын энергиямен пара-пар электр энергиясын жұмсайтын болады, бұл өз кезегінде экологтердің алаңдаушылығын тудырады.

Болашаққа бағдар қандай

ЖИ хаос тудыру көзі емес, жасампаздық құралы болып қала беруі үшін тек технологиялық шешімдер ғана емес, сонымен қатар этикалық жауапкершілік қажет. «2001: Ғарыштық одиссея» фильмі («Одиссея» – көне грек ақыны Гомердің жыры, ред.) жасанды интеллектіні басқару қолдан шығып кеткен жағдайда не болатынын ескертетіндей. 

Кинокартинада экипажға көмектесу үшін жасалған HAL 9000 компьютері адамдарды қауіп деп санап, оларды жоюға тырысты. Бұл жасанды интеллектіні саналы тәсілдер арқылы дамытпаса, оның бізге қарсы шығуы мүмкін екенін қаперімізге салады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президентіне жасанды интеллект саласындағы отандық әзірлемелер таныстырылғанын жазған болатынбыз. Олардың арасында кен орындарының цифрлық телнұсқасы, дрондарды басқару және өндіріске арналған робот-ит секілді индустриялық шешімдер бар.






Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив