
«Халық екіортада титықтап бітті»: Тұғылдықтар дәрігер жетіспейді деп шағымдануда
Бұған дейін Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылындағы ауруханада көп дүние ескірген, күрделі жөндеуге сұранып тұр деп жазған едік. Ол қолға алынды әйтеуір. Жөндеу жалғасып жатыр. Бірақ ендігісі басқа мәселе. Газет редакциясына қоңырау шалған тарбағатайлықтар ауылда дәрігер жоқ деп дабыл қақты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Жұмысқа жастар алынсын»
Осыдан бір апта бұрын оқырманымыз бейнежазбамен бөлісіп, онда ақ халаттылардың аздығы қалай кері әсерін тигізіп жатқаны туралы жан-жақты айтылды. Тұғылдықтар мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Премьер-министр Олжас Бектенове, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа ауыл халқы атынан үндеу ретінде әзірлеген. Зейнеткер Альмира Құрманбекқызының сөзінше, мұндағы халықтың негізгі табыс көзі – балық шаруашылығы. Аудандағы іргелі ауылдардың бірінде 60 жыл ғұмырын өткізген ол әралуан өзгерістің куәсі болып келеді. Қазіргі уақытта 5000-ға тарта халқы бар ауылда дәрігер жоқ екенін жеткізді. Оған қоса, үш жылдан бері зейнетке шыққан адамның әлі де жастарға орын бермей жүргендігіне наразылық білдірді.
– Бізге дәрігер жіберсеңіздер екен. Ал зейнет жасындағы дәрігер еңбек демалысына кетіп, орнына жас маманның келгені жөн. Мемлекетіміздің басты байлығы – халық және оның денсаулығы. Сол денсаулықты сақтау үшін ауылымызға ақ халаттылар керек, – деді ол.
Бір адам ғана емес, қазір болып жатқан жағдайдың жөн іс емес екенін баласы сырқаты бойынша есепте тұрған Махаббат Құрмадиева да айтып берді. Оның сөзінше, сырқат асқынып, ауруханаға барғанда дәрігер болмай қалған. Баласына қажет дәрісі таусылған кезде мекемедегілер «Ақжарға барып әкеліп алыңыз» деген көрінеді. Тағы бір зейнеткер, көпбалалы ана Нәзипа Кешубаева дәрігер сұрап келе жатқандарына үш жылдың жүзі болғанын айтты.
– Бірақ жоғары жақта халық сөзін тыңдайтын құлақ жоқ. Үндеу жасау себебіміз де сол. Семей полигонының зардабы бұл өңірге де жеткен. Осы себепті біз экологиялық аймаққа кіреміз. Өзім онкологиялық сырқатпен ауырып, ота жасатқам. Қазір қант диабетімен ауырамын, қан қысымым да жоғары. Президент бұған дейін «шекаралық аймақтағы халық жағдайын жақсарту» туралы тапсырма берген болатын. Соған бөлінген ақша да бар. Ауылда медициналық колледж бітіріп келген жастар жүр. Соларды неге жұмысқа алмайды? – деді ол.
Осының анық-қанығын әкімдіктен сұрап білдік. Аудан басшысының орынбасары Ержан Сабырбаевтың сөзінше, қазір Тұғылда 3856 адам тұрады. Бірақ ол РПН аталатын базаға тіркелгендер деп көрсетіп өтті. Әкімдік бөліскен дерек ауыл тұрғындарының айтқанымен сәйкеспейді. Көптеген ауылдағы сияқты, өкінішке қарай, мұнда да тұрғындар саны кеміп барады. Айталық, РПН базасына:
2023 жылы – 4067 адам,
2024 жылы – 3915 адам,
2025 жылы – 3836 адам тіркеліпті.
Мақала басында жазылған аурухана жағдайы біршама реттеліп қалды. Ресми ақпаратқа сенсек, күрделі жөндеу 2025 жылдың 13-ші маусымында басталған. Қарашаның соңында тәмам болады. Әлбетте, бұл сүйінші хабар. Мекеме күрделі жөндеуден өтіп, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарады. Сонда тұрғындар неліктен «дәрігер жоқ» деп сабыр суын сарқып, уайым кемесіне мінді?
Дәрігерлер неге тұрақтамайды?
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев 2025 жылдың 1-ші қазанынан бастап амбулатория дәрігері Әйгерім Асанова өз өтініші негізінде жұмыстан шыққанын айтты.
– Қазір Тұғыл ауылдық амбулаториясында тұрақты жұмыс істеп отырған дәрігердің жоғы рас. Соңғы жылдары мамандардың зейнет жасына шығып, қоныс аударулары да бұған себеп. Кейбірінің кетуі отбасылық жағдайға байланысты, – деді орынбасар.
Жауапты тұлға осыны айтты да, облыстық жедел жәрдем станциясының Тұғыл ауылындағы бекеті 24 сағат жұмыс істейтінін, керек болған жағдайда, медициналық авиацияны тарту мүмкіндігі бар екенін алға тартты. Дерт қинап, жаны қысылған адамға тікұшақтың қажет болары сөзсіз. Дегенмен әралуан сырқатпен ақ халаттыға көріну үшін барған адам маманнан кеңес ала алмаса, мұның өзектілігі қайда жатыр?
Аудан әкімдігі ақпаратынша, тұғылдықтарды дәрігерсіз қалдырмау үшін қазанның 1-нен бастап Қабанбай ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Айгүл Жапанова дүйсенбі, сәрсенбі күндері келіп тұрады. Ал аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері Ақжар ауылынан учаскелік дәрігер Назерке Сәрсембаева науқастарды қабылдайтын көрінеді. Мамандығы бойынша – терапевт.
Ержан Сабырбаев осыған дейін ауыл жұртынан ресми түрде өтініш түспегенін, бірақ мәселе жиналыста көтерілгенін жеткізді.
– Осыған сәйкес аудан әкімі Дархан Жөргекбаев тұрғындарға мамандар тарту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Сондай-ақ оңтүстік өңірлерден маман шақыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысу арқылы да әрекет жасалып жатқанын түсіндірді, – деді әкімнің орынбасары.
Нәзипа Кешубаеваның сөзінше, Қабанбай ауылынан келетін маман аптасына екі рет, таңертең сағат 9:00-ден кешкі сағат 16:00-ге дейін жұмыс істейді. Қазір ауруханада күрделі жөндеу жүріп жатқандықтан, тұрғындар әкімдік артындағы халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында ем-дом алып жүр.
– Қан тапсырсақ та, дәрігерге қаралсақ та, 60 шақырым жол жүріп, Ақжарға барамыз. Автобус жүрмейді, такси барып-қайтқаны үшін кісі басына 3000 теңге сұрайды. Халық екіортада титықтап бітті. 4000 тұрғын ішінде жағдайы төмендер адамдар бар. Күнкөріске кететін шығындар да көп. Ауыл жағдайы осы, – деді қазіргі ахуалға қапалы болған зейнеткер.
Қолдауға бөлінетін қаржылай қомақты
Тұғылдықтар сөзінше, бірнеше маманды Ақжар ауылына шақыртып алған. Көктемде келіп, көп-көрім жұмыс істеп жүрген маман арада үш ай өткенде жұмысын тоқтатыпты. Нәзипа Кешубаева түрлі мысал келтіре отырып, Тұғылда «мүлде дәрігер жоқ» деп түйіндеді.
Тағы бір зейнеткер, тұрақты оқырманымыз Күлзада Ахметова сырқаты бойынша үш жерде есепте тұрғанын айтты – зоб, инфаркт және қан қысымы. «Ауруханадан шықпайтын адаммын» деген тұрғын Қабанбайдан дәрігер жеткенше әр тұрғынға ауырмай отыру қиын меже екенін жасырмады.
Енді әкімдік мұны қалай реттемек? Тұрғын саны 300, 500, 1000 адам болатын ауылдардың көбінде медбике мәселесі әлдеқашан шешімін тапқан. Әкімдік ақпаратына сүйеніп, Тұғылда 4000-дай адам бар десек, мүлде дәрігердің болмауы ақылға сыймайды екен. Сауалхат жауабына сүйенсек, бұл тақырып бүгін-ертең жабылмайды. Себебі, ауруханаға дәрігер жетіспейді деген ақпарат «Enbek.kz» аталатын еңбек биржасында да орналастырылған.
– Жұмысқа келетін медициналық қызметкерлерге «Денсаулық сақтау», білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды қолдау түрлері бар. ҚР Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29-шы маусымдағы №126 бұйрығына сәйкес «Ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге және тұруға келгендер бойынша» тұрғын үй сатып алуға аудан орталықтары үшін кредит мөлшері 2000 АЕК-ке дейін (7 млн 864 мың теңге) және 100 АЕК көлмінде (393 мың 200 теңге) қаражат беріледі. Сондай-ақ ауылдарға кемінде бес жыл жұмыс істеуге келген маман тапшылығы бойынша медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшері – 8 млн 500 мың теңге көлемінде ақшалай төлем беріледі, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Алдағы уақытта аудан әкімдігі осы жайтты ескеріп, тұрғындар қуанарлық шешім қабылдайды деп сенеміз. Тым құрығанда іргедегі ауылдардан емес, Тұғылдың өзінен науқас жұртты аптаның бес күнінде кедергісіз қабылдайтын маман тауып берсе құба-құп.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер