Таңның атысымен тұғырлы мекен тұрғындары Өскемен халқына барқытбелден базарлық алып келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ағарып атқан таңмен таласа қала халқы жәрмеңкеге асықты. Асығуларының себебі де бар. Тастаған таяғы тал болып өсетін, талай батыр ұлдар мен ержүрек қыздарды дүниеге әкелген киелі мекен Тарбағатайдың тұрғындары Өскемен қаласының жұртына өз өнімдерін алып келген.
Ақжар, Қарасу, Жетіарал сияқты елдімекендердің кәсіпкерлері орныққан жерге халық молынан жиналды. Өнім мол, кісі қарасы да аз емес. Бірі жылқы мен сиыр етін алса кейбірі балық өнімдерін алып жатты. Таңертеңнен соққан қарлы боранға қарамай қалалықтар қол жетімді бағада сатылып жатқан өнімдерді қармып қалуда. Соғым уақытымен тұспа-тұс өтіп жатқан жәрмеңкеде, көбіне ет өнімі жақсы саудаланды.
- Жәрмеңкеге Байтоғас елдімекенінің базарлығын алып келдік. Барқытбелдің балығына сұраныс көп, мұнда балықтың тартылған еті де бар. Саудамыз қарқынды жүруде. Әрине киелі мекеннен келгеннен кейін, сапалы әрі құнарлы өнімді өңір тұрғындарына ұсыну - біздің басты міндетіміз. Мұндағы баға да қолжетімді, қалтаға салмақ салмайды. Жиыны 600 келі су өнімін саудалап жатырмын. Көбі өтіп кетті, - деді Мәриям Асаубаева.
Айта кетейік, жәрмеңкедегі сатылып жатқан өнімдердің бағасы келесідей:
Қой еті - 2100тг
Сиыр еті - 2400тг
Жылқы еті - 2400тг
Балық өнімдері 700-1400тг
Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Шомпайұлының сөзінше, ауданның мәдени күндері “Туған жер алтын бесігім” жобасы аясында өтіп жатыр.
- Бүгінгі өтіп жатқан жәрмеңке мәдени күндердің жалғасы. Екі күнге созылған шарада ауданымыздың өнерпаздары мен кәсіпкерлері өскемендіктерге тамаша көңіл күй сыйлады. Мұндағы мақсат - тек өнім сату емес, халықты бұқаралық спортқа баулу. Барлығы білетіндей, Тарбағатай елі негізінен көрші аудандар сияқты мал және балық өндірумен айналысады. Соған сәйкес әкелген өнімдеріміздің де көбі солар. Елдімекеніміздің еті мен қымызы жалпы шығысқа бренд ретінде танымал, - деді аудан басшысы Дархан Жөргекбаев.
Айта кетейік, жәрмеңкеде ауданнан 1,5 тонна жылқы еті, 2 тонна ірі қара еті, жарты тоннадан астам қой еті әкелінген.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Пікірлер