A+ A A-

talgatzhan 31 12-09-2024, 10:20 0

ШҚО-да жер телімдерін мемлекетке қайтару межесі қалай орындалып жатыр?

ШҚО / Бүгін

Осы жылы облыс бойынша 160 мың гектар жер телімін мемлекет меншігіне өткізу жоспарланған. Шенеуніктердің сөзінше, осы уақытқа дейін соның 58 мың гектары қайтарылыпты. Бұл жағынан меже Өскемен бойынша сәтті орындалды.

Оның ізін алып, Алтай мен Күршім аудандары оң нәтиже көрсетіп келеді. Небәрі 1,9 мың гектар жер қайтарған Ұлан ауданы тізімде төмендеп қалған. 

2022 жылы 100,6 мың гектар, былтыр 125,7 мың гектар жер қайтарылды. Оның өзінде, жер телімінің едәуір бөлігі тұрғындардың өз еркімен бас тартуынан мемлекет меншігіне өткен. Еске сала кетейік, ҚР Жер кодексіне сәйкес жер учаскелерінің иелері мен жер телімдерін қолданушылар сол аумақты мақсатты пайдалануға сәйкес іске жаратуға міндетті, – деді ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Егер де қожалық және ауыл шаруашылығына арналған жер телімі тиісті мақсатта пайдалануға алынған алғашқы жылдан кейін жөн-жосықсыз қолданылса, онда бұл учаске мәжбүрлі түрде тәркіленбек. Надежда Михейлис осылай айтты.

Егістік алқабында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін пайдаланбау жағдайларына ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін жер учаскесін өңдеу жөніндегі жұмыстарды жүргізбеу жатады деп есептеледі. Ал шабындықтарда жағдай басқаша. Егер осындай жер алған адам сол аумақтың шөбін шаппай, арамшөптер мен бұталарын жоймай, сондағы шөп құрамының нашарлап кетуіне себепкер болса, онда бұзушылыққа жол берген болып саналады. Жайылымдарда қалай? Онда төрт түлік жайылмаса немесе олардың жалпы жер аумағының жартысында жайылып жүрмеуі – кемшіліктің барын аңғартады. Сондай-ақ, мал азығын жинау мақсатында шөп шабылмаса да, соңы созбалаң әңгімеге әкеледі, – деді жауапты тұлға.

Бұдан бөлек, Надежда Михейлис соттың жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы заңды күшіне енген шешімі жер учаскесі мәжбүрлеп алынғандарды тиісті тізіліміне қосу үшін негіз болып саналатынын хабарлады. Онда қамтылған мәліметтер жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жыл өткен соң алынып тасталады.

Реестрде жер учаскесі мәжбүрлеп тәркіленгендер қатарындағы адамдар жерді қайтарымсыз уақытша пайдалануға берілетін конкурстарға қатыса алмайды. ҚР Салық кодексіне сәйкес мақсатсыз немесе заңнамаларды бұза отырып қолданылып жатқан ауылшарушылығы жер телімдері үшін салықтық базалық мөлшерлемесі 20 есеге көтеріледі. Оның өзінде, бұл жер иесі мен оны қолданушыға хат түріндегі ұйғарымды табыс еткен күннен бастап іске асырылады. ҚР Жер заңнамасының талаптарын бұзуды жою бойынша мұндай құжатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшесі тапсырады, – деді басқарма басшысы.

Надежда Михейлис мұның алдында өткен жиында пайдаланылмай жатқан жер телімін мемлекет меншігіне қайтармағаны үшін заң жүзінде жауапкершілік көзделгенін алға тартқан болатын.

Асыл АЙТБАЕВ

Фотосурет Haluq-uni.kz сайтынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив