
ШҚО аумағында демалған туристерден облыс қазынасына 1,7 млрд теңге салық түсті
Жаз шыға біреу Сібе көлдерін сағынып жетсе, екіншісі Катонқарағай баурайына тап болуға асығады. Соңғы уақытта Самар ауданына ағылғандар көбейді. Қысқасы, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін одан әрі дамыту қазір облыс әкімдігінің бақылауында. Басқармалар мен тынығушыларды тарта алатындай мүмкіндігі бар аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріліп отырады. Сайт тілшісі жуықта кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшылығынан жыл басынан атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер жайлы сұрады.
Туристер қайда тұрақтады?
Ұлттық статистика бюросы ақпаратынша, жылдың алғашқы алты айында Алтай топырағында демаламын дегендер өңірдегі 346 демалыс базасына барып орныққан. Сөйтіп, жарты жылда ұзын-саны 185 мың 219 адамға қызмет көрсетілді. Арасында шетелдіктер бар. Осы уақытта көрсетілген қызметтер көлемі 3,4 млрд теңгеге жетті. Облыс бойынша:
• туристер тынығатын 5646 бөлме бар;
• оның ішінде: 13 – пәтер;
• 560 – люкс;
• 3299 – стандартты бөлме.
Облыстың әр түкпірінен келетін демалушыларды есепке алмағанда, республика мен шет мемлекеттерден келетіндер түрлі демалыс орындарын таңдайды. Тиісінше, оларға емін-еркін тұрақтайтын қонақүй керек. Ресми ақпаратқа сүйенсек, тынығушылар Өскемендегі 57 (қонақүй, түнеп шығатын жерлер) орынға, Риддердегі 39 орынға жайғасқан. Мұны кесте түрінде ұсынбақпыз:
№ Қала/аудан Аялдайтын орын саны
1 Өскемен 57 орын
2 Риддер 39 орын
3 Глубокое ауданы 19 орын
4 Зайсан ауданы 9 орын
5 Алтай ауданы 103 орын
7 Күршім ауданы 4 орын
8 Катонқарағай ауданы 46 орын
9 Марқакөл ауданы 3 орын
10 Тарбағатай ауданы 3 орын
11 Самар ауданы 27 орын
10 Ұлан ауданы 21 орын
Бұдан өзге, Үлкен Нарын ауданында – алты, Шемонаихада тоғыз орын туристердің уақытша баспанасына айналған. Ал жалпы, биыл облысқа алты айда 185,2 мың турист келген. Оның ішінде: ішкі туристер саны – 177,6 мың; басқа жақтан келгендер – 7,6 мың.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновацилық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиевтің ақпаратынша, демалушылар жиі аялдайтын жерлер тізімінде Катонқарағай ауданы жоқ. Көш басына Өскемен мен Риддер жайғасқан.
– Ең танымал орындар осылар. Бұл олардың дамыған инфрақұрылымы мен келушілер үшін тартымдылығын көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысында келушілерді өзінің табиғи сұлулығымен, мәдени жағынан және тарихи тұрғыдағы маңыздылығымен тартатын бірнеше танымал туристік орын бар, – деді басқарма басшысы.
Шығысқа келген шетелдіктер
Ардақ Мәдиев осыны айтты да, туристік орындарды тізбелеп берді. Мәселен:
– Бұқтырма су қоймасы: Керемет таулы ландшафттармен қоршалған балық аулауға және демалуға өте ыңғайлы үлкен жасанды көл.
– Алтай таулары: Ғажайып сұлулығымен, жаяу серуендеу және жабайы табиғатты тамашалау мүмкіндіктерімен танымал. Тауларда әртүрлі флора мен фауна бар.
– Күршім өзені: Рафтинг пен каякинг үшін танымал, бұл өзен су спорты мен қоршаған табиғаттың әдемі көріністерін ұсынады.
– Қиын-Керіш трактаты: қызыл және қызғылт сары саздан жасалған таңғажайып жартас құрылымдарымен, сондай-ақ әдемі пейзаждарымен танымал. Бұл трактат туристер мен фотографтар арасында танымал.
– Зайсан көлі: Бұл көркем көл таулармен және табиғи сұлулықпен қоршалған балық аулауға және демалуға тамаша орын.
Тоғыз айда есепке алсақ, туризм саласының кәсіпкерлерінен облыс бюджетіне салықтық аударымдар түрінде 1,7 миллиард теңге түсті.
– Мемлекеттік кірістер департаменті әкімдікпен бірлесіп, кірістерге салық салудың толықтығын бақылау үшін туризм объектілеріне салық салу бойынша көшпелі семинарлар өткізді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде туризм объектілерінің жарнамасына тұрақты мониторинг жүргізілді. Осы бизнес субъектілері мен жеке тұлғалар үшін Мемлекеттік кірістер органдарында тіркеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары қолға алынды, – деді Ардақ Еділұлы.
Туристердің арысы Аустралиядан келген. Туроператорлар сөзінше, кенгуруы көп құрлықтан жеткендер үшін айнала тегіс жасыл атырап таңдай қағарлық құбылыс саналды. Анықталғандай, тынығушылардың басым бөлігі Ресейден келеді. Көршілес елден жыл басталғалы 3 920 адам Шығыс Қазақстанға аялдапты.
– Бұл екі ел арасындағы туристік байланыстардың жақындығы мен дамуын көрсетеді. Сондай-ақ, 1865 туристі бар Қытайдан туристердің айтарлықтай ағыны келеді. Сонымен қатар, Аустралия сияқты алыс елдерден 226 туристерді тартты Германиядан – 179 адам, Түркиядан 167 турист келіп демалды. Бұл деректер Шығыс Қазақстан облысына деген халықаралық қызығушылықты және оның туристік бағыт ретіндегі тартымдылығын көрсетеді, – делінген басқарма басшылығы ұсынған ақпаратта.
Өскеменге келіп, жыл басынан атқарылған жұмысын қорытындылаған әкімдер сол аудан мен қалада туризм арқылы табыс табуға әзір кәсіпкерлер барын жиі айтады. Оларға облыстық басқарма тарапынан қандай қолдау барын сұрадық.
ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы туризмді дамыту саласында іске асыратын мемлекеттік қолдау шаралары:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялау (ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 382 бұйрығымен бекітілген).
2) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу жөніндегі шығындарының бір бөлігін өтеу (ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 411 бұйрығымен бекітілген).
3) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 412 бұйрығымен бекітілген).
4) туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 31 желтоқсандағы № 415 бұйрығымен бекітілген).
Қыста туризм қалай дамиды?
Көп саладағы сияқты бұл бағытта да белгілі бір кедергілер бар. Басқарма басшылығы да мұны жасырмады. Ардақ Еділұлының сөзінше, туризм саласында инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, атап айтқанда санитарлық-гигиеналық тораптардың (бұдан әрі - СГТ) тапшылығы – негізгі қиындықтардың бірі. СГУ орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда бұл нысандарды сенімгерлік басқаруға беру қажеттілігі, сондай-ақ оларды ұстаудың экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету маңызды мәселе болып отыр. Осыған байланысты, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бұл бағытты субсидиялау жүргізілуде.
Жылы жақтарда алыс-жақыннан ағылғандар күздің қара суығы мен қыс айларында да апталап бой жазып қайтады. Ал Шығыс Қазақстанда жаздыгүні әрлі-берлі қозғалыс жиілейді.
– Жазғы туристік маусым маусым айынан тамызға дейінгі айларды қамтиды. Осы уақыт ішінде аймақ өзінің табиғи сұлулығымен, жаяу серуендеу, балық аулау және су спорты сияқты ашық ауадағы мүмкіндіктерімен, сондай-ақ осы кезеңде өткізілетін түрлі мәдени іс-шаралар мен фестивальдармен туристерді тартады. Жаз – осы аймаққа барудың ең жақсы кезеңі, Өйткені бұл уақытта ауа-райы әдетте жылы және саяхатқа қолайлы, – деді Ардақ Мәдиев.
Естеріңізде болса, өткен айда облыстық Кәсіпкерлер палатасында жиын өткізіліп, Алтай ауданына келген кәсіпкерлер қыс мезгілінде бизнес тоқтап қалатынын, оның бір себебі, қардың уақтылы күрелмеуімен байланыстырған болатын. Басқарма басшылығының мәліметінше, өңірде қысқы туризмді дамыту бойынша бірқатар іс-шара өткізілуде. Бірақ олар берген жауап Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы демалыс базаларын қамти қоймады.
– Қысқы маусымның ашылуы суықта туристерді тартуға бағытталған негізгі бастамалардың бірі болып саналады. Сондай-ақ тау шаңғысы жабдықтарын сатып алатын кәсіпкерлер үшін шығындардың бір бөлігі өтеледі. Бұл шаралар қысқы туризм инфрақұрылымын жақсартуға және демалушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – делінген ақпаратта.
Мәлім болғандай, шығындардың бір бөлігін өтеу үшін кәсіпкерлік субъектілері орталық мемлекеттік органдарға өтінім бере алады. Өтінімдерге: қызметтің басталғанын растайтын құжаттар, сондай-ақ туристік қызмет объектілерін пайдалануға қабылдау туралы актілер қоса беріледі. Маңыздысы сол, бұл шаралар шаңғы курорттары мен басқа да қысқы аттракциондардың дамуын ынталандыруға көмектеседі. Бұл қыста аймаққа көбірек туристерді тартуға ықпал ететін көрінеді.
Туризм дамысын десек, шұрқ тесік жолдармен бірнәрсе деп айту қиын. Соңғы жылдары облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге мән береліп келеді. Оған қоса биыл «Жол жылы». Анықталғандай, аймақтағы автожолдардың жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайды. – Оның 1,1 мың шақырымы туристік нысандарға бағытталған. Биыл «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жобасындағы жұмыстарды аяқтауды қоса алғанда, 472 шақырымнан астам жолды қамту жоспарланған. Онда 60 шақырым пайдалануға беріледі, – делінген ақпаратта.
Демалушылар қарасы көбейген
Сондай-ақ «Қалбатау-Майқапшағай» учаскесін қайта жаңарту жалғасуда, онда биыл 181 км тапсыру жоспарлануда. Осы жылы республикадағы ең ұзын саналатын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір ашылды. Республикалық жолдарда 2025 жылы жұмыстарды аяқтау жоспарымен 392 км орташа жөндеу жұмыстары басталды. «Жол жылы» аясында туристік нысандарға апаратын 121 км жергілікті жолдарды жөндеу жоспарланған. Жалпы жөндеу ұзақтығы – 600 км, бұған 31,5 млрд теңге бөлінген. Нысандардың қатарында Бұқтырма су қоймасының жағалауына, Марқакөл көліне және Берел мұражай-қорығына баратын жолдар бар.
Ерекше тоқтала кетер жайт, биыл өткен жылмен салыстырғанда келген туристер саны 31 мың адамға артық. Яғни, былтыр 154,2 мың адам асықпай аялдап қайтқан.
– Тынығушылар санының бұлай өсуі аймаққа деген қызығушылықтың артқанын, туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шаралардың сәтті жүзеге асырылғанын көрсетеді, – деді басқарма өкілдері.
Ардақ Мәдиевтің сөзінше, өңірде туризмді дамытудың негізгі бағыттары мен жоспарлары бірнеше негізгі аспектілерге бағытталған.
• Біріншіден, жазғы және қысқы туризм белсенді дамып келеді.
• Бұл аймақтың табиғи ресурстарын жылдың әр мезгілінде барынша пайдалануға жол ашады. Жазғы маусым туристерге жаяу серуендеу, балық аулау және су спорты сияқты ашық ауада демалуға мүмкіндік береді, ал қыс мезгілі тау шаңғысы курорттарына және басқа да қысқы іс-шараларға бағытталған.
• Екіншіден, ауыл туризмін дамытуға басты назар аударылады. Бұл бағыт ауылдарда туристік нысандарды құруды көздейді. Бұл экотуризмге, агротуризмге және жергілікті дәстүрлер мен мәдениеттермен танысуға қызығушылық танытатын саяхатшыларды тартуға мүмкіндік береді. Ауыл туризмінің дамуы сонымен қатар елдімекендердегі экономикалық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді. Қалай десеңіздер, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылып, жаңа мүмкіндіктер есігі ашылады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосурет Inbusiness.kz)
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер