Бүгін «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының алаңында Ұлан ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында өтіп, ауданға қарасты ауылдық округтердің шаруашылықтары мен кәсіпкерлері өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды.
Алмасай ауылынан келген кәсіпкер Назым Сағатова жәрмеңкеге сапалы өнім әкелгенін айтты.
– Алмасай ауылынан келдік. Өзіміздің шаруашылығымыз бар. Сапалы өнімдер шығарамыз. Ал жәрмеңкеге 1 жылқы, 7 қойдың етін әкелдік. Басы, өкпе, бауыр барлығын жуып, тазаладық. Еттің бағасы 3000 теңгеден басталады. Түске дейін алып келген ет бірден өтіп кетеді. Сауда жақсы, – деді ол.
Ұлан ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділбек Рамазановтың айтуынша, жәрмеңкеге барлығы 6 тонна ет өнімі әкелінген.
– 1,5 тонна сиыр, 2,5 тонна жылқы, 600 келі қой етін ұсынып отырмыз. Бұдан бөлек, құс етін алып келдік. Оның ішінде қаз, тауық, үйрек бар. Тағы да бал мен сүт өнімдері бар. Бекітілген баға нарықтан едәуір төмен , – деді ол.
Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары бағалардың қолжетімді екенін жеткізді.
– Жәрмеңке жақсы өтіп жатыр. Қалжаға деп қой етін алдым. Бағасы 3100 теңгеден екен. Құны басқа базарлардағы бағадан төмен, - деді қала тұрғыны Күләш Кукумова.
Жәрмеңке барысында әуезді әндер шырқалып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Пікірлер