A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 13:30 0

ШҚО-да қысқы туристік маусым салтанатты түрде ашылды

Бүгін / Басты / ШҚО

Аймақтың әсем табиғатын насихаттауды мақсат еткен іс-шараға Қазақстанның әр өңірі мен шет мемлекеттерден келген меймандар қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің туристік әлеуетін ерекше атап өтіп, табиғатты қорғаудың маңызына тоқталды. 
- Біздің облыстың табиғатын бүкіл қазақстандық жақсы біледі. Керемет табиғатты кеңінен таныта отырып, шетелдік туристерге де жоғары деңгейде қызмет көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар табиғаттың бастапқы тазалығын, флорасы мен фаунасын сақтау - біздің басты міндетіміз. Бүгінгі іс-шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Туристік маусымның ашылуы аясында келушілерге көлемді мәдени және спорттық бағдарлама ұсынылды. Бағдарламада концерттік қойылымдар, спортшылардың тік төмен түсу көрсетілімі, ән мен биден құралған музыкалық нөмерлер, мерекелік конкурстар мен ұтыс ойындары, интерактивті бағдарламлар ұйымдастырылыды. Сонымен қатар ит жегіп, шаңғы тебу, қарда сырғанау және басқа да қысқы спорт түрлерінен көріністер ұсынылды. Қатысушыларға арналған сыйлықтарды серіктестер ұсынды. 
- Бүгінгі іс-шараға 30-дан астам спортшыны шақырдық. Жалпы Қазақстандағы қысқы туризм десе, ең бірінші Шығыс Қазақстан еске түседі. Туристер Риддерге де жиі барады. Шаңғы тебу, мұз астынан балық аулау сияқты демалыс түрлері жақсы дамыған. Біздің облыста төрт тау-шаңғы курорты бар: екеуі Риддерде, екеуі Өскеменнің маңайында орналасқан. Демалыс күндері мыңнан астам турист келеді. Қытайдан да арнайы меймандар табан тіреді, – деді ол.
Атақты құсбегі Айдос Оразбекұлының сөзінше, ұлттық дәстүрді насихаттауда мұндай іс-шаралардың рөлі ерекше. 
– Жыл сайын туристік маусымның ашылуына қуана келеміз. Бұл – халықтың демалысын тиімді өткізуімен қатар, өңіріміздің сұлу жерлерін көрсетуге үлкен мүмкіндік. Бізді арнайы шақырды. Жақында Абай облысындағы салбурында қаршығаммен 3 орын алдым. Алда тағы да қатысу жоспарда, – деді ол.
Маусым ашылуы аясында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, оған жергілікті кәсіпкерлер мен суретшілер қатысты. Солардың бірі – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Гүлнәр Бекбердинова. 
– Туристік маусымның ашылуына келуімнің басты себебі – жәрмеңке әсем табиғатымызды бейнелейтін картиналарды ұсыну. Шырайлы Шығыс табиғатын тамашалауға туристер көп келеді. Менің жұмыстарым бұған дейін ШҚО Өнер музейінде және «Алтын Алтай» көрмесінде көрсетілген. Бүгінгі іс-шарада да суреттерім сатылымға қойылды. Бағасы 50 мың теңгеден басталады, – деді ол.
Туристік маусымның ашылуына Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласынан арнайы туристер келді.
– Бүгінгі қысқы туристік маусымның ашылуына келіп қуанып тұрмын. Бұл жерждің табиғаты керемет екен. Біздің Шәуешекте де осындай іс-шаралар өтеді. Өскемен халқын Шәуешекке келуге шақырамын, – деді Фанфан Чан.
Ал суретші Тон Дон Қазақстанға 20 жыл бұрын келгенін айтып, осы уақыттағы өзгерістерге таңданысын білдірді. 
– Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. Соңғы келгеніме 20 жыл болыпты. Әрине айтарлықтай өзгеріс бар. Өңірдің табиғаты ерекше әдемі, – деп атап өтті қонақ.
Іс-шара соңында туристік маусымның ашылуына үлес қосқан бірнеше кәсіпкер мен құсбегіге Құрмет грамоталары табысталды. 
Облыста өткен бүгінгі қысқы туристік маусымның ашылуы — өңірдің туристік әлеуетін көрсететін маңызды оқиғалардың бірі. Бұл тек мерекелік сипаттағы іс-шара емес, сонымен бірге аймақтың экономикалық, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан дамуына серпін беретін кешенді жобаның бастамасы. 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив