444.3 490.91 5.41
A+ A A-

Өскеменде Шемонаиха ауданының мәдени күндері өтті

Өскеменде Шемонаиха ауданының мәдени күндері өтті [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Шемонаиха ауданының мәдени күндері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Филармония фойесінде аудан қолөнершілерінің бұйымдары, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері мен оқушылардың робототехника бағытындағы жобалары қойылды.

Шара аясында бірнеше ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Отбасы және қоғам» атты форум өтіп, аудан әкімі жастармен кездесті.

– Бүгін таңертеңнен бастап бірқатар іс-шара өтті. Сонымен қатар Өскеменге робототехника саласындағы оқушылардың жобалары мен кәсіпкерлеріміздің өнімдерін әкелдік. Ауданнан 260 өнерпаз келді, – деді аудан әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов.

Көрмеге А. Байтұрсынов атындағы №5 мектеп оқушылары да өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Жас өнертапқыштар әзірлеген арнайы көзілдірік көру қабілеті нашар адамдарға күнделікті өмірде көмектесуге арналған. 

– Ультрадыбыстық датчик 50 сантиметр қашықтықта жұмыс істейді. Адам көзілдірікті таққанда алдынан кедергі шықса, құрылғы діріл арқылы белгі береді. Жобаны Argumeno платформасында әзірледік, ал көзілдіріктің өзін мектептегі 3D-принтермен жасадық, – деді жас өнертапқыш Әлихан Әбілмажин.

Айта кетейік, оқушылар өз жобаларымен аудандық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Мәдени күндер аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты. Кеш шымылдығы «Шемонаихаға саяхат» атты бейнепрологпен ашылып, онда ауданның тыныс-тіршілігі, мәдениеті мен жетістіктері көрерменге таныстырылды.
Концерттік бағдарламада түрлі жанрдағы өнер көрсетіліп, вокалдық және хореографиялық ұжымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сахнада Родион Немцев пен «FREEZE LIGHT» үлгілі хореографиялық ұжымы өнер көрсетті. «Юность» би ұжымы «Ұлы даланың жүрегі» атты композициясын ұсынды. Даяна Алтыбаева, Алтынай Назарбай, Екатерина Мамырбаева және Мереке Мұхаметқалиева «Қараторғай» әнін орындаса, Азамат Асанов «Мен қазақпын» әнімен көпшілік қошеметіне ие болды. Сондай-ақ Григорий Кужильский мен «Юность» ұжымы «Семечки да лавочки» атты орыс халық биін биледі. Нұрболат Раисов пен «FREEZE LIGHT» ұжымы «Күндер-ай» композициясын орындады. «Қасықсазы» ансамблі де «Мен қазақпын» шығармасын тарту етті. Бағдарлама барысында Игорь Вайкунас, «ХАС ЖҮРЕК» шығармашылық тобы мүшелері Думан Нұрбопанов, Нұрболат Раисов, Дәулетбек Тұрысбеков пен Тимур Бейсенов өнер көрсетті. Концерттің қорытынды бөлімінде Дәулетбек Тұрысбеков пен Тимур Бейсенов өнер көрсетіп, кеш «Ата заң» әнімен және Шемонаиха ауданы гимнімен түйінделді.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив