444.3 490.91 5.41
A+ A A-

Өскеменде алғаш рет CS2 бойынша ауқымды турнир өтті

Өскеменде алғаш рет CS2 бойынша ауқымды турнир өтті [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Қалалық Жастар ресурстық орталығы Өскемен қалалық әкімдігімен тізе қосып, Counter Strik сайысын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жүлдеден үмітті жастар F16 Arena алаңында бас қосты. Турнирдің басты мақсаты – қала жастары арасында киберспортты дамыту, талантты ойыншыларды анықтап, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік жасау.

– F16 Arena-мен бірлесіп, қалада алғаш рет киберспорт, соның ішінде Counter-Strike бағыты бойынша ауқымды жарыс өткізіп жатырмыз. Жобаның бас демеушісі – KAZZINC компаниясы. Бастапқыда 16 команда қабылдауды жоспарлаған едік. Алайда қатысуға ниет білдіргендер санының көптігіне байланысты санын 18-ге дейін арттырдық. Олардың әрқайсысы өз деңгейіне қарай іріктелді, –  деді Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Бауыржанұлы.

Ұйымдастырушылар мәліметінше, турнирге қатысу үшін бастапқыда 400-ге жуық ойыншы мен 40 команда өтінім берді. Нәтижесінде іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 18 команда бүгінгі жарыста өзара бақ сынап, үздіктерді анықтады. Турнирдің тағы бір ерекшелігі – қатысушыларды іріктеу мен жарысты ұйымдастыруға арнайы әзірленген цифрлық платформаның қолданылуы. Жоба авторы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, тіркеу мен іріктеуді автоматтандырған.

– Бұл турнир үшін арнайы платформа әзірлеп, оны толықтай өзім жазып шықтым. Тіркеу басталған алғашқы күннің өзінде 400 адам өтінім берді. Қатысушылар саны күткенімізден әлдеқайда көп болғандықтан, тіркеуді тоқтатуға тура келді. Платформада жасанды интеллект жүйесі жұмыс істейді. Ол командаларды автоматты түрде іріктейді. Мұндай жүйені енгізудегі басты мақсатымыз – барлығын автоматтандырып, адами фактор әсерін барынша азайту, – деді ұйымдастырушы Олжас Падаш.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен марапатталды.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив