Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жол апаттарының саны күрт өсіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
ШҚО прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылы өңір бойынша 443 жол апаты тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіш 847-ге жеткен. Ал осы жылдың басынан бері 1 093 жол-көлік оқиғасы болды. Кейінгі үш жылда 133 аса ауыр жол апатынан 180 адам көз жұмған.
Апаттардың 87%-ы жеңіл көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Қаза болғандардың арасында 52 жүргізуші, 89 жолаушы, 34 жаяу жүргінші және 2 велосипедші бар. Оның ішіндегі бала саны – 22. Жолда 119 ер адам мен 58 әйел мерт болды. 94 ата-ананың қазасынан кейін 179 бала жетім қалды.
Жол апатының негізгі себептері:
– жылдамдықты рұқсат етілген шектен асыру;
– қарсы жолаққа шығу;
– маневр жасау ережелерін өрескел бұзу;
– жаяу жүргіншілерге жол бермеу;
– жүргізушілердің салғырттығы және т.б.
Сондай-ақ ішімдік ішіп рөлге отыратындар аз емес. 17 мас жүргізушінің кесірінен 21 адам, соның ішінде 1 бала көз жұмды. Бұл істер бойынша 59 адам сотталды. Биылдың өзінде мас күйде көлік жүргізген 1 160 жүргізуші жауапқа тартылып, оның 75-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
– Біздің мақсат – жолдағы заңбұзушылыққа мүлде төзбеу қағидатын қалыптастыру. Егер сіз тәртіп бұзушылықты көрсеңіз, бейжай қалмаңыз. Сол арқылы біреудің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін, – дейді ШҚО прокуратурасының қоғам мүддесін қорғау басқармасының аға прокуроры Рауан Сайранбекұлы.
Пікірлер