A+ A A-

talgatzhan 85 6-12-2024, 10:10 0

ШҚО аудандарында тұрғындарды баспанамен қамту қалай жүзеге асып жатыр?

ШҚО / Бүгін

Мұның алдында сайтта «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасына қатысты аудандардағы жұмыстар бойынша әкімдік берген мәліметті ұсынған едік. Енді соны бір мақалаға топтап, көлемді етіп ұсынуды жөн көрдік.

Глубокое ауданы
Бұл жақта баспана республикалық және облыстық бюджет есебінен салынып келеді. Глубокое ауданы әкімінің міндетін атқарушы Аян Макиевтің сөзінше, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынатын үйлер көпбалалы отбасы және халықтың әлеуметтік осал санататындағы отбасыларға беріледі.
– Баспана салу шешімі елдімекендерде бос жерлер мен инфрақұрылымның болуына байланысты үй кезегінде тұрған азаматтардың саны негізінде қабылданады. Осы жылы 24 екіпәтерлі (екі бөлмелі болуы керек) 48 пәтер салу жоспарланған. Салынған үйлер көпбалалы отбасылар мен халықтың осал топтарына табысталады. Баспана салуға жауапты мердігерлерді анықтау үшін газетке конкурс жарияланады және ол мердігерлердің ауданда тіркеуде тұруы міндетті емес, – деді Аян Мұратұлы.
Құрылыс сапасын «Шығыс Қазақстан облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшылығы тексереді. Бұл ауданда салынып жатқан үйлер 3 бөлмеден тұрады. Оның ішінде, көпбалалы отбасыларға берілетін пәтер 85 шаршы метр, ал халықтың осал топтағы азаматтарына берілетін пәтерлер 70 шаршы метрді құрайды. Әкімдіктегілер бүгінге дейін берілген баспаналардың сапасы бойынша арыз-шағымдар түспгегенін айтты.
– Қазіргі уақытта аудан бойынша үй кезегінде тұрғандар саны – 809 адам. Аудан бойынша халық саны көп елдімекендерде және аудан орталығы Глубокое кентінде баспанаға мұқтаж азаматтар көп. Биыл 24 екіпәтерлі 48 пәтер салу жоспарланған, – деді әкімнің міндетін атқарушы.

Зайсан ауданы
Бір уақытта, бір мақсатпен қолға алынған бағдарлама аясында әкімдердің берген жауаптары бір-бірімен үндес. Мұнда да қаржы республикалық және облыстық қазынадан алынып, құрылыс ойдағыдай аяқталса, көпбалалы және әлеуметтің осал тобына жататын жанұялар үйлі болмақ.
– Барлығы 68 пәтер сатып алу жоспарлануда. Баспана салуға ниет білдірген жеке инвесторлар меморандум жасасады, олардың ауданда тіркелуі міндетті емес. Баспана құрылысы аяқталған уақытта жеке инвесторлар лицензиясы бар мекемелерге техникалық қадағалау жасатып, қорытындысын ұсынады. Тұрғын үйдің жалпы аумағы 70 м2 және 85 м2-кем емес, бөлмелер саны-3-тен кем емес, – деді аудан әкімінің орынбасары Данияр Серіков.
Қызығы сол, сұраухат жауабында аудан басшысының орынбасары ретінде Данияр Серіков көрсетіліп тұр. Ресми сайтта оның есім-сойы көзге ілікпеді. Әкімдіктегілер Зайсан ауданы көлемінде баспаналардың сапасы бойынша арыз-шағымдардың түсіп тұратынын жасырмады. Анықталғандай, бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегінде Зайсан ауданы бойынша 1674 отбасы тұр. Оның ішінде: 
• 245 көпбалалы отбасы санатындағылар; 
• 735 әлеуметтік осал топтар санатындағылар;
• 44 жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған отбасы санатындағылар; 
• 55 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (жетім); 
• 595 мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер санатындағылар. 

Әкімдік өкілдері әлі де баспана салу қажеттілігі бар екенін алға тартты.

Катонқарағай ауданы
Көп ауданда аталған жоба 2020 жылдан бастап қолға алынса, туристер жаппай ағылатын өлкеде 2021 жылдан беру жүзеге асырылып келеді. Ресми мәліметке сүйенсек, аудан көлемінде барлығы 109 адам үй кезегінде тұр. Баспана салу үшін қанша қаржы бөлінгені жөнінде ақпарат толыққанды ұсынылды. Кестеге зер салайық:

№    Бюджет    Бөлінген қаржы
1    Баспана салуға    418 млн 400 мың теңге
2    Республикалық бюджеттен    392 млн 395 мың теңге
3    Облыстық бюджеттен    26 млн 5 мың теңге бөлінді

Осы бағдарламамен салынған үйлер коммуналдық тұрғын үйге мұқтаж және кезекте тұрған барлық санат бойынша кезектеріне сәйкес бөлінуде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Китакпаевтың сөзінше, салынатын үйлер 3 бөлмеден тұрады. Баспаналар сапасы бойынша түскен арыздар кепілдіктерге сәйкес мердігерлермен бірлесе шешіледі.
– Баспанаға деген қажеттілік аудан орталығы Катонқарағай ауылында көбірек байқалады. Аталған бағдарлама аясында ауданда осы жылы 12 екі пәтерлі үй (24 үй) сатып алу жоспарланған, – делінген ақпаратта.

Күршім ауданы
Бұл жақта биыл аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен – 367,3 млн. теңге, облыстық бюджет есебінен – 23,9 млн. теңге бөлінді. Күршімдіктер құрылыс бітсе, баспана алдымен үй кезегінде тұрған отбасыларға берілетінін айтты. Соның ішінде, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтің осал тобындағы тұрғындар бар. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлеріне, баспаналары апаттық жағдайда тұрғандарға заңға сәйкес пропорционалды түрде беріледі. 
– Күршім ауданында аталған бағдарлама аясында салынатын баспана саны Kezekte.kz сайтында кезекте тұрғандар саны мен ауылдық округтердегі тұрғындардың сұранысына сәйкес анықталады. Биыл 10 елдімекенде 28 тұрғын үй көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топтарға салынуда, – деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.
Мұны да кесте түрінде ұсынуды жөн көрдік.

№    Ауыл атауы    Салынатын баспана саны
1    Күршім    6
2    Сарыөлең    6
3    Бірлік    2
4    Теректібұлақ    2
5    Құйған    3
6    Бурабай    2
7    Қаратоғай    2
8    Барақ батыр    3

Бұдан бөлек, Алғабас пен Қойтас ауылдарында бір-бір баспана бой көтермек. Биылға бас-аяғы он ауыл қамтылған. Анығы сол, баспана салуға жауапты мердігерді анықтау кезінде көбінесе жергілікті аудан азаматтары қарастырылады. Ауданда салынып жатқан тұрғын үй құрылысын бірнеше мердігер компания жүзеге асыруда. Оның Күршім аумағында тіркелуі міндетті емес.

– Салынып жатқан үйлер үш бөлмеден тұрады. Бүгінге дейін оның сапасы туралы арыз-шағым түскен жоқ. Биыл қыркүйек айының 1-і күнгі ақпаратқа сүйенсек, ауданда барлығы 289 отбасы үй кезегінде тұр. Оның ішінде, 47 көпбалалы отбасы, 137 әлеуметтік осал топтағы тұрғын  бар. Баспанаға Күршім ауылында сұраныс көп. Жалпы, жыл біткенше 28 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Қайрат Әзімбаев.

Алтай ауданы
Жұмыс республикалық, облыстық бюджет трансферттері мен облыстық несиелеу есебінен жүріп жатыр.
–  Бұл үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына қарастырылған. Үйлер саны сұранысқа сәйкес кезекте тұрғандар саны ескеріліп салынған. Биыл 25 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Кезекте тұрғандар барлық үйге қоныстанады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар мердігерлерді жеке құрылыс салушылар өздері анықтайды, – деді аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Лухбеков.
Алтай ауданында құрылыс сапасын бірнеше мекеме қадағалайды. Айталық, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, аумағында үйлер салынып жатқан ауылдық округтердің әкімдері, сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасы, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы. Ауданына қарай үйлер үш және төрт қабатты. Жергілікті жұрт құрылыс сапасына шағымданбапты.
– Ауданда баспана кезегінде 1370 адам тұр. Баспанаға мұқтаждық ауданның барлық ауылында байқалады. Биыл Алтай қаласында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған 25 үйді пайдалануға беру жоспарлануда, – деді Айдын Дәлелғазыұлы.

Ұлан ауданы
Келіп түскен жауаптар ішінде ең ауқымдысы осы. Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Ринат Болатқанның ақпаратынша, баспана салуға облыстық бюджеттің ішкі көздері қаражатынан берілетін кредиттер есебінен, республикалық бюджет және облыстық бюджет есебінен жалпы 1 млрд 587 591,0 мың теңге қаражат бөлінді.
Осы бағдарламаға сәйкес салынған үйлердің кімдерге берілетіні де нақты жазылды. 

№    Баспана берілетін тұрғындар санаты
1    тұрғын үй кезегінде тіркелген жетiм балаларға
2    ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға
3    «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған   немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға
4      бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II   дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын Қазақстан Республикасы азаматтарына
5    халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын
Қазақстан Республикасы азаматтарына беріледі

Мәлім болғандай, аудан бойынша үйлер салынбай тұрып, жергілікті әкімдіктер арқылы бос жерлердің бар-жоғы, сол аумақтарда инженерлік құрылымның болу-болмауы анықталады. Сондай-ақ тұрғындар саны, баспана кезегінде тұрғандар саны да ескеріледі. Осы жылы Ұлан ауданында оффтейк келісімшарттарына сәйкес «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 88 пәтер салу және сатып алу жоспарлануда. Ринат Болатқанның ақпаратынша, бұл көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған – барлығы 88 адамды тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік береді. Бұлар:
    • Жалпы ауданы 70 ш. м. болатын 27 екі пәтерлі үй;
    • Жалпы ауданы 85 ш. м. болатын 17 екі пәтерлі үй.
Сұраухат жауабына сәйкес баспана салуға жауапты мердігерлер облыстық бекітілеген механизм шеңберінде анықталады. 
– Аталған механизм бойынша БАҚ арқылы хабарландыру жарияланған соң әлеуетті құрылыс салушылардан ұсыныстар келіп түседі. Жауапты мердігер ауданда баспана салуға ниетті, қаражаты бар азаматтар болуы тиіс. Ұлан ауданы бойынша өткен жылы Бендебаев М.С., Қабиден Қ.О., Тусупбаев Ф.С. жеке тұлғалар ниет білдіріп, Сағыр, Мамай Батыр, Баяш Өтепов, Тарғын, Алмасай, Айыртау және Ұлан ауылдарында үйлер салды, – деді аппарат басшысы.
Биыл Герасимовка ауылында Бендебаев М.С., Қабиден Қ.О., Жонкебаев Е.К., Каирбаев К.Т. жеке тұлғалар ниет білдіріп, 88 үй салынып жатыр. Мердігердің ауданда тіркеуде тұрулары міндетті емес екен. Ұлан ауданындағы баспана сапасын аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және жергілікті әкімдік қарайды. Салынатын үйлер 3 және 4 бөлмеден тұрады. Аудан басшылығы кем-кетіктер бар болғанын да жасырмады.
– Тұрғын үй жалдаушылары тарапынан тұрғынжайларда анықталған ақауларына шағымдар түскен болатын. Анықталған ақаулар екі жылдық кепілдік мерзімі шеңберінде құрылыс салушы тарапынан жойылады, – деді Ринат Болатқан.
Ауданда барлығы 819 адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде: 
Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 77 
    • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған,  сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көпбалалы отбасы – 153 
    • Халықтың әлеуметтік осал топтары – 412 
    • Бюджет есебінен қаржыландырылатындар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, ғарышкерлер, ғарышкерлікке кандидаттар, мемлекеттік сайланбалы лауазымдар – 166;
    • Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған ҚР азаматтары – 11

«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы тұрғын үйлерді аудандағы ауылдық округтерде орналастыруды көздейді. 
– Бұл кезекте тұрғандардың ұсынылған тұрғын үйден өз еркімен бас тартуына әкеледі. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі аудан орталығынан пәтер алғысы келеді. Инженерлік коммуникациялардың болмауына байланысты аудан орталығында жеке тұрғын үй құрылысы белгісіз мерзімге тоқтатылды. Ал жылу энергиясының тапшылығына байланысты көпқабатты үйлер құрылысын жүргізу мүмкін емес, – делінген ақпаратта.
Ринат Болатқанның сөзінше, биыл ауданда 88 пәтер салып, сатып алу жоспарлануда. ӘҚБК-нің 91-бабына сәйкес шағымды әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам жүргізеді. 
Өскемен
Қалалық құрылыс бөлімі басшылығының мәліметінше, қазіргі таңда бұл өңірлік бағдарламамен Өскеменде 20 тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде 15-і ауданы 70 шаршы метр болатын екі пәтерлі үйлер, ал қалған 5-еуі 85 шаршы метрлік үш пәтерлі үйлер болады. Өздеріңіз аңғарғандай, барлық жерде баспана көлемі бірдей.
– Құрылыс нысандарын қадағалау жеке серіктестің құзырлығында. Мониторинг жергілікті атқарушы орган Құрылыс бөлімімен жүргізілуде. Үйлердің құрылыс талаптарына сәйкес келуін аймақтағы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тексереді. Құрылыс салушыларды анықтау конкурсы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланып, нәтижелері бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келісімшарттар жасалады, – деді қала әкімінің орынбасары Әлішер Бекен.
Бар-жоғы осы. Қала әкімінің атына бас-аяғы 12 сұрақ жолданған болатын. Баспана құрылысына қанша қаржы бөлінгені, мердігердің Өскемен аумағында тіркелуі міндетті ме, жоқ па, қала бойынша қай ықшамауданда тұрғын үйге қажеттілік ерекше көп байқалады, баспана сапасына арыз-шағымдардың қаншалықты жиі түсетіндігі, құрылысқа жауапты мердігер қалай анықталатыны, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында қалада салынатын баспана саны қандай критерийлер бойынша анықталатыны туралы еш мәлімет ұсынылмаған. Әкімдіктің бұл әрекеті БАҚ-заңына қайшы келіп тұрғанын ескеріп, редакция тарапынан шағым түсірілді. 

Шемонаиха ауданы
Сөйтсек, Шемонаиха ауданында аталған бағдарлама 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында сол жылы ауданда 20 үй сатып алынды. Аудан басшысының орынбасары Бақытжан Молдахановтың сөзінше, 2022 жылы көпбалалы, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 20 отбасыға тұрғын үй берілді. 
– Берілетін үйлердің ауданы мен бөлме саны тұрғын үй алушылардың санатына байланысты беріледі. 2022 жылы 85 м² және одан үлкен үйлер берілді. 2024 жылы бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйлер сатып алынған жоқ және берілген жоқ, –  деді ол. 
Тұрғын үйлердің сапасын құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қадағалайды. 2024 жылдың 15-ші қазанына дейін берілген үйлердің сапасына қатысты шағымдар түскен жоқ. Шемонаиха ауданы бойынша тұрғын үй алу кезегінде 745 адам тұр. 
– Шемонаиха қаласында тұрғын үйге мұқтаждық ерекше байқалуда. Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша биыл тұрғын үй беру жоспарланбаған, – деді әкімнің орынбасары.
Әділхан ЕСІМХАНОВ 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив