ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі – ШҚО-да типтік үлгідегі архив ғимараты салынады
Жауапты тұлға дамудың жаңа бағыты саналатын креативті индустрияға тоқталып, облыстың мәдени әлеуетін сөз етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен жиында вице-министр Айзада Құрманова бірнеше сала бойынша қолға алынған жұмыстарды тізбелеп шықты. Ол мемлекет идеологиясын күшейту шаралары әралуан бағытты қамтитынын, соның ішіндегі ең ауқымдылары деп келер жылы тойланатын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атады. Сайып келгенде мұның бәрі – мәдениетпен сабақтасып жатыр. Жалпы, жиынның маңызын облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев те дөңгелек үстел басында ашып айтты.
– Бүгінгі кездесуге үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестік мүшелері, белсенді азаматтар қатысып отыр. Қазір өңірдегі азаматтық сектор жұмысын ерекше атап өтуге болады. Республика көлемінде пилоттық жобалар ұсыну кезінде облыс халқы үнемі белсенді. Жергілікті өзін-өзі басқару аясында заң жобасын әзірлеуге де атсалысуға дайынбыз, – деді Ербол Жолдасбекұлы.
Айзада Құрманова қолда бар ақпаратын ұсынбас бұрын Шығыс Қазақстанның өткеніне тоқталды.
– Бұл өлкеден небір батырлар мен түрлі әдебиет алыптары шыққан. Мәдениетті дамытуда да Шығыс Қазақстанның орны ерекше. Болашаққа деген бағытымызды бүгіннен айқындау үшін осындай жиындарға қатысу әркез жауапкершілікті қажет етеді. Тақырып алдымен мәдениеттен, киноиндустриядан басталмақ. Қалай десек те, Шәкен Айманов атындағы киностудия біздің тарихымыз. Ұлттық киноны өлтірмеуге тиіспіз және бұған министрліктің жоспарлары бар, – деді ол.
Ресми ақпаратқа сәйкес Шығыс Қазақстанда 8 Достық үйі бар. Бүгінде онда креативті орталықтар жұмыс істейді. Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубековтің сөзінше, соңғы уақытта жастар сахнада спектакль қоюға біршама бейімделіп, рухани құндылықтарды дәріптеп жүр.
Айзада Құрманова бұл тұрғыда министрлік тарапынан қолдау қарастырылатынын алға тартты. Рухани байлық дегенде ел көлемінде көркем әдебиеттің рөлі зор екенін атады. Сөзінше, биыл 100-ге тарта шара қолға алынып, біршама кітаптың тұсауы кесілді.
– Кейбірі тіпті, ұлттық әдебиеттің шедевріне айналып үлгерді. Былтыр 346 мың тиражбен 134 кітап басылды. Ал осы жыл біткенше 260 мың тираждан асатын 171 кітап басып шығарылмақ, – деді вице-министр.
Бұдан соң елдегі архивтердің материалдық-техникалық базасын күшейту жағы сөз болды. 2021 жылдан бастап электронды архив қолданысқа еніп, көпшілік үшін ыңғайлы бола бастады. Айзада Құрманова цифрландыру өз алдына, қағаз күйіндегі құжаттар дұрыс сақталуы тиіс екендігін баса айтты.
– Бүгінде құжаттарды сақтап, оны тиісті мекемелерге тапсыру біздің міндетіміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстанда типтік үлгідегі архив ғимаратын салып, мұрағаттарды сақтайтын орынды кеңейту мәселесі қаралып жатырр, – деді вице-министр.
Өлкетанушы, архив бағытында талай жыл тер төккен Алдияр Әубәкіров осы бастама тезірек қолдау тапса, өлкедегі жұмыс одан әрі өнетіндігіне сенім білдірді.
Пікірлер