26-28 қыркүйек аралығында Өскеменде жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен жарыс өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдағы күндері қаладағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы жекпе-жек сарайында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың атына грек-рим күресінен жас балуандар арасында жарыс өтпек. Додаға республикадан он облыстың спортшылары келіп қатысады. Бұдан бөлек, көршілес бірнеше мемлекеттің балауандары да өз бақтарын сынайды.
Жарыс 12 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Жалпы алғанда 200-ге тарта балуан сайысқа түсейін деп отыр. Азия және әлем біріншіліктерінде топ жарған үздіктер келеді. Балуандар бәсекесіне әйгілі спортшының ұлы Елдос Үшкемпіров пен оның жақын туыстары қонақ ретінде шақырылды.
Спортшы және грек-рим күресінің жаттықтырушысы Мәди Жарболовтың сөзінше, жарыс 15 жасқа дейінгі балалар арасында өтеді.
- Бұндай кең көлемдегі жарысты қаламызда алғаш рет өткізгелі отырмыз. Турнирге бізден 45 балуан қатысып, облыстың намысын қорғайды. Бұл жарыс жас спортшыларымыздың болашағына үлкен серпін бермек. Турнир жеңімпаздары чемпиондық белдікпен марапатталып, спорт шеберлігіне үміткер дәрежелерін алады. Өскеменде грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Осы өткелі отырған жарыс та облыста күрестің ары қарай дамуына үлкен септігін тигізетіндігі анық,- деді ол.
Бұдан бөлек, жарысқа қонақ ретінде 2008 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та шақырылған.
- Грек-рим күресінен бөлек ШҚО-ның бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына футболдан жарыс ұйымдастырғалы отырмыз. Өңірде футболдан жарыс екінші рет өткізілгелі отыр, алдағы уақытта тағы да жалғасын табады деген сенімдеміз. Ала доп бәсекесіне әзірге үш облыстың футбол командалары келіп қатысады. Нақтылап айтақ, көршілес Абай, Ақтөбе мен Қызылорда өңірлерінің жас футболшылары бақ сынайды. Жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйлықтар табыс етіледі, - деді Өскемен қаласының Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Диас Ерланұлы.
Айта кетейік, футболдан турнир 29-ыншы қыркүйекпен 4-інші қазан күндері аралығында өтеді. Белгілі болғандай, жарыс барысында көрермендер арасында да сыйлықтар ойнатылады.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Пікірлер