Өскеменде «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Қарызсыз қоғам» курсына қатысқандарға сертификат табысталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткен болатын. Бұл жоба «Amanat» партиясының бастамасымен қолға алынған. Соның аясындағы жұмыстар былтырдан бастап іске асуда.
Өткен жылы пилоттық режимде іске қосылған жоба бойынша елдің сегіз өңіріндегі халық курстан өтті. Барлығы 65 мың адам оқытылды. Белгілі болғандай, биыл республиканың барлық аймағы қамтылып отыр.
Жас кәсіпкер Ақбота Қайратқызы «Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында қаржылық сауаттылықты үйренгенін жеткізді.
- Өзім көпбалалы анамын. Курсты оқу барысында қаржылық сауаттылық туралы көп мағлұмат алдым. Қазіргі таңда оқыған білімім мен үйренген дүниелерімнің арқасында өзімнің жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Осындай пайдалы курстарды мектеп бағдарламасына енгізсе деген ұсынысым бар. Менің қазір айналысып отырған кәсібім - шаш қию. Оны бастамас бұрын қаладағы мансап орталығына барып, 1 млн 487 мың теңгенің грантын жеңіп алдым. Бұл маған өз жоспарымды жүзеге асыруға үлкен көмегін тигізді, - дейді ол.
Айта кетейік, аталған жоба облыста 5-ші ақпаннан бастап іске істеп жатыр.
- Бүгінде өңірге қарасты бірнеше аудан мен қалада бұл жоба төңірегінде оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 6,5 мың адамды оқытуды жоспарлағанбыз, қазір 6 мыңнан астам тұрғын оқуды аяқтады. Қолға алынған мұндай шараның арқасында көп адам өзінің жеке кәсібін бастап жатыр, - деді «Amanat» партиясы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Пікірлер