
Көбі зауыт жұмысшылары. Еңбек өтілдері кемі 20 жыл, арысы мамандығы бойынша 40 жыл тер төккен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара шымылдығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ашып, еңбек күні әр қалада жалғасын тауып жатқанын, атап өтіліп басталғалы құндылығын жоғалтпағанын жеткізді.
– Біз біріншіден, өзіміздің ардагерлер мен еңбек адамдарын осы мерекемен құттықтай отырып, жастар жарқын болашақ құру үшін адал еңбекті желкен етсе дейміз. Сонда ғана еліміздің ертеңі тек ізгілікке толы болады. Табанды жұмыс табысқа жетелейді. Маңдай тер мен төзім ғана адамды бұралаң жолға түсірмейді, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Осылай деген соң жауапты тұлға сахна төрінде қалып, біршама адамды «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Көбі зауытта, энергетика саласында, теміржолда жемісті жұмыс атқарғандар. Өздерінің 20-30 жыл еңбек өтілдерінде небір қиындықтарды өткеріп, өмірлік азық алған. Айталық, «Қазцинк» ЖШС-да 15 жылдан бері балқытушы болып жүрген Жеңіс Досанов өнеркәсіп мамандарын баулитын оқу орындары көптен ашылғанын дұрыс санайды. Өзі Көкпекті ауданының тумасы, жалпы еңбек өтілі – 24 жыл.
– Бұрын біз мектеп оқып жүргенімізде-ақ іс-тәжірибеге тартылатынбыз. Соны қазір де қолға алса кеше емес. Жас буын еңбек күші деген ұғымды жіті түсінсе, кейін өмірдің кетігін тауып, қаланып жатса қиналмайды. Күрделі жұмыстың барлығын дерлік өз көздерімен көріп, жағдайды біліп алса, жұмыс кезінде іркіліп қалмайды. Біздің зауытқа келіп жатқан жастар аз емес. Әрбіріне жетекші тағайындалады. Ешбірі назардан тыс қалмайды. Ауысым кезінде бригадир, мастерлер де білгенімен бөліседі. Жай түсіндіріп қана қоймаймыз, көрсетіп, жұмыспен жақынырақ таныстырамыз. Ұжымда тәртіп қалыптасса, жетістік өздігінен келеді, – деді ол.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова қарапайым еңбек адамдары әр саланың қозғаушы күні екенін айтты.
– Еңбек күні әр жылы қыркүйектің соңымен тұспа-тұс келеді. Осы жолы да облысты қамтып, ауқымды шараны жалғастыруды жөн көрдік. Мұны еңбек адамдарын көпшілік арасында насихаттау мақсатында қолға алдық. Бүгін 16 адам «Құрмет» грамотасымен марапатталады. Олардың барлығы өңірдегі ірі деген компания, кәсіпорындарда талай жыл тер төккен жандар. Қаншама жыл жұмысынан шашау шығармай келе жатқан Александр Хмелев «Еңбек ері» төсбелгісіне ие болғанын айта кетейік. Өңірде осындай азаматтардың барына қатты қуанамын, – деді Альмира Мусинова.
Он алты адам марапат алған соң «Ертіс концерт» ұжымының солисттері мен бишілері өнерлерін ортаға салып, меймандарға арнап концерт ұйымдастырды. Әншілер рухты көтерер шығармаларды ұсынса, бишілер заманауи туындаларды паш етті. «Еңбек күні» қарсаңында «Ертіс концерт» мекемесінің кіреберсіне суретшілер картиналары мен қолөнер бұйымдары қойылған. Еңбегі еленген азаматтардың бірі сол суреттердің жанында тұр екен, мереке қарсаңында бір ауыз лебізін тыңдауды жөн көрдік. Өзі Күршім ауданының тумасы.
– Өз саламда 1996-шы жылдан бері істеп келемін. Бастапқыда электромонтер болдым. Осы бағытта Глубокое ауданында 2001-шы жылға дейін істедім. Күршімде де көп жыл жұмыс істедім. Жұмыс қайдан «менмұндаласа» отбасымызбен сол жаққа табан тірейміз. Оңай болды дей алмаймын. Электр желілерін ретке келтіру сырт көзге қалыпты жұмыс болып көрінгенімен, үйде жарық сөнсе, көп адам бірден абыр-сабырға түседі. Өмірімізді жарықсыз, тоқсыз елестете алмаймыз. Қазір ОЭСК деп атайды біздің ұйымды. Бұрын «Алтайэнерго» болған. Электрик маман қай жерде болсын сұранысқа ие, – деді Ермек Тоқматаев.
Жерлесіміз жұмыс істеп жатқан жерді ашып жазсақ, «БЭСК» АҚ Глубокое ЭТА Алтай аймағы жабдықтарын жөндеу бойынша электрослесарь. Еңбегі ескерілгендердің әрбірімен тілдессе, өз саласының ерекшеліктерін асықпай айтып беруге әзір. Дегенмен оларды қаумалап, суретке түсуге асыққан жақындары мен дос-жарандары да тезірек бас босуға ниет білдіріп жатты.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер